19.10.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТҚұрметті құтқару қызметінің қызметкерлері мен ардагерлері!19.10.2026
Ақпарат ағыны

Тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтай білейік!

19.10.2026 · 01:22 · admin

Өрт – адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және мүлікке үлкен зиян келтіретін қауіпті апаттардың бірі. Сондықтан, сіріңкені, тұрмыстық техниканы, газ плитасын және жылыту құралдарын пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін білуіміз және қатаң сақтауымыз қажет.

От – тіршіліктің көзі. Ол үйімізді жылытып, тамақ пісіруге және күнделікті тұрмысымызға қажетті жылу береді. Отсыз тіршілігімізді елестету қиын. Дегенмен, отты дұрыс пайдаланбасақ, оның үлкен өртке айналып, орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін екенін ұмытпауымыз керек.

Кейде адамдардың ұқыпсыздығы мен қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан өрт шығады. Сондықтан, тұрмыста қолданылатын құралдарды пайдаланғанда әрдайым абай болған жөн.

Жылыту пештерін пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі

Жылыту пештерін дұрыс пайдаланбау өрттің шығуына себеп болуы мүмкін. Оның соңы адам өміріне қауіп төндіріп, үлкен материалдық шығынға әкеледі. Сондықтан, төмендегі қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет:

Қолдан жасалған электр жылытқыштарын пайдалануға болмайды.

Пешті пайдаланар алдында оның жарамдылығын тексеріп, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу керек.

Жылыту пештері мен олардың түтін құбырларын жылыту маусымы басталғанға дейін және пайдалану барысында жүйелі түрде тазалап отыру қажет.

Пештің үстіне жіп керіп, кір жаюға болмайды.

Отты жанармаймен немесе басқа да тез тұтанатын сұйықтықтармен тұтандыруға тыйым салынады.

Жанып тұрған пешті қараусыз қалдыруға және оны жағуды жас балаларға тапсыруға болмайды.

Пештің алдына көлемі 50 × 70 см болатын металл қаңылтыр төсеу қажет.

Пешті ағаш еденге тікелей орналастыруға болмайды. Оны орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажет.

Пеш пен мұржаның жанғыш ағаш конструкциялардан қауіпсіз қашықтықта орналасуын қамтамасыз ету керек.

Пештен шыққан күл мен қоқысты тұрғын үйдің немесе қора-жайлардың жанына төгуге болмайды. Күлдің толық суығанына көз жеткізіп, оны қауіпсіз арнайы орынға төгу қажет.

Газ плитасын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі

Газ плитасы күнделікті тұрмысымызда кеңінен қолданылады. Алайда, газды дұрыс пайдаланбау өртке, жарылысқа және адам өміріне қауіп төндіретін басқа да жағдайларға әкелуі мүмкін.

Газ плитасын пайдаланғанда мына ережелерді есте сақтаған жөн:

— газ плитасын таза әрі жарамды күйде ұстау керек;

— газ плитасынан ақау байқалса, оны өз бетімізше жөндеуге болмайды. Бұл туралы ата-анаға немесе жауапты ересек адамға хабарлап, газ қызметінің мамандарын шақыру қажет;

— газ плитасы орналасқан бөлмені үнемі желдетіп отыру керек;

— газдың иісі сезілсе, сіріңке жағуға, от тұтатуға және электр қосқыштарын қосуға немесе өшіруге болмайды;

— мұндай жағдайда, егер қауіпсіз болса, газ беруді тоқтатып, есік-терезелерді ашып, адамдарды сыртқа шығарып, қауіпсіз жерден 112 немесе 104 нөміріне хабарлау қажет;

— газ баллонын ауыстырған кезде оның редуктормен жалғанған жерінің герметикалығын отпен емес, сабынды ерітіндімен тексеру керек;

— газ баллондарын тұрғын үйлерде пайдалану және орналастыру кезінде қолданыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет. Көпқабатты үйлерде газ баллондарын пайдалануға қатысты шектеулерді ескеру керек.

Электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі

Электр энергиясы – күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі. Ол жарықтандыруға және көптеген тұрмыстық құралдарды пайдалануға мүмкіндік береді. Дегенмен электр құралдарын дұрыс пайдаланбау қысқа тұйықталуға және өртке себеп болуы мүмкін.

Сондықтан, мына ережелерді сақтау қажет:

— электр құралдарын пайдаланып болған соң, оларды өшіріп, қажет болған жағдайда электр желісінен ажырату керек;

— бір розеткаға бірнеше қуатты электр құралын қатар қосуға болмайды;

— зақымдалған электр сымдары мен розеткаларды пайдалануға тыйым салынады;

— электр сымдарын рұқсат етілмеген жерлерге өз бетінше жүргізуге болмайды;

— қолдан жасалған электр жылытқыштарын пайдаланбау керек;

— электр құралдарын қосулы күйінде қараусыз қалдырмау қажет;

— электр құралдарын судан және ылғалдан алыс ұстау керек.

Өрттің алдын алу және өрт кезіндегі әрекет

Өрт қауіпсіздігін сақтау – әр адамның міндеті. Өрттің алдын алу үшін үйдегі жылыту пештерін, газ плитасын және электр құралдарын дұрыс пайдалану қажет.

Егер өрт шықса сабыр сақтап, дереу ересектерге хабарлау керек.

Қауіпсіз жолмен ғимараттан тез шығу қажет. Лифтіні пайдалануға болмайды.

Түтін көп болса, еңкейіп немесе еңбектеп қозғалып, ауыз бен мұрынды матамен жабу керек.

Өртті өз бетіңізше сөндіруге әрекет жасап, өміріңізді қатерге тікпеңіз.

Қауіпсіз жерге шыққан соң, 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалып, өрт болған мекенжайды және жағдайды нақты хабарлау қажет.

Қауіпті аймаққа қайта кіруге болмайды.

Өрт – тілсіз жау. Оның салдары адам өміріне қауіп төндіріп, орны толмас қайғы мен үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан, әрқайсымыз өрт қауіпсіздігі ережелерін білуге, оларды күнделікті өмірде сақтауға және өзгелерге де түсіндіруге тиіспіз.

Өрттің алдын алу – өз өміріңді және жақындарыңның өмірін қорғау. Қауіпсіздік ережелерін сақтайық, өртке жол бермейік!

Ануар ЕРҒАЗИЕВ,

Қаражал қаласы ТЖб аға анықтаушысы, азаматтық қорғау лейтенанты.