19.10.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТҚұрметті құтқару қызметінің қызметкерлері мен ардагерлері!19.10.2026
Ақпарат ағыны

Адалдық форумы өтті

19.10.2026 · 01:16 · admin

Жәйрем кентінде қоғамда адалдық қағидаттарын нығайтуға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған «Адал азамат – адал қоғам» тақырыбында форум өтті. Жиында мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік, заң үстемдігі, құқықтық мәдениет, сондай-ақ, интернет-алаяқтық пен дропперлік мәселелері кеңінен талқыланды.

Іс-шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, сала мамандары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Форумның басты мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және адалдық құндылықтарын кеңінен дәріптеу.

Жиынды ашқан Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуде әр азаматтың жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, әділетті әрі қауіпсіз қоғам құру үшін заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау және жемқорлыққа қарсы ортақ ұстаным қалыптастыру маңызды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлан Ермаханбетов мемлекеттік қызметтегі адалдық, ашықтық және әдеп қағидаттарына тоқталды. Ол мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігі мен мінез-құлқы халықтың билікке деген сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, қоғам мен мемлекеттік аппарат арасындағы өзара сенімді нығайтудың маңызын жеткізді.

Форум барысында бүгінгі күні өзекті мәселеге айналған интернет-алаяқтық пен дропперлік тақырыбы да назардан тыс қалмады. Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Абласан Құрбанов интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің жаңа тәсілдері мен олардың азаматтарға тигізетін зияны туралы сөз қозғады.

Сонымен қатар, азаматтардың жеке және қаржылық деректерін қорғау, күмәнді ұсыныстарға сенбеу, бөгде адамдардың өтінішімен банк карталарын немесе шоттарын пайдалануға бермеу қажеттігіне назар аударылды. Дропперлік әрекеттердің құқықтық салдарын түсіндіру арқылы тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздылығы атап өтілді.

Басқосуда көтерілген мәселелер қоғамның құқықтық мәдениетін дамыту, заң талаптарын сақтау және әр азаматтың жеке жауапкершілігін арттыру қажеттігін көрсетті. Мұндай кездесулер тұрғындардың құқықтық сауатын көтеріп қана қоймай, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға да мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, адалдық пен әділдік – қоғамның тұрақты дамуының негізі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, ол – барша азаматқа ортақ жауапкершілік. Әр адам заңды құрметтеп, адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырғанда ғана әділетті әрі сенімді қоғам қалыптастыруға болады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ