19.10.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТҚұрметті құтқару қызметінің қызметкерлері мен ардагерлері!19.10.2026
Ресми

Қаражалға қолдау – өңір дамуына серпін

19.10.2026 · 01:13 · admin

Сәрсенбінің сәтінде Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Қаражал қаласының тұрғындарымен кездесті. Облыс тізгінін қолға алғаннан кейінгі халықпен алғашқы кездесуін қазыналы Қаражал өңірінен бастауы жергілікті жұртшылықтың көңілінен шықты. Қала тұрғындары мұны өндірісті өңірдің дамуына деген ерекше ықылас пен қолдаудың белгісі ретінде қабылдады.

Кездесуде облыс әкімі Қаражалдың аймақ экономикасындағы маңызды орнына тоқталып, қаланың әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

– Қаражал – өңіріміз үшін маңызды қалалардың бірі. Қаланың әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз, – деді Есет Байкен.

Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланды. Алдымен қала әкімі Айқын Елеусізов биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, экономиканың негізгі салаларындағы көрсеткіштерге, жүзеге асырылып жатқан жобаларға және шешімін күткен мәселелерге тоқталды.

9 айда не тындырылды?

Қала әкімінің мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 198 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,7 пайызға жоғары. Жыл қорытындысында өндіріс көлемін 211,4 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.

Инвестиция тарту бағытында да өсім бар. Тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 66 млрд теңгені құрайды деп күтілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 79,2 млрд теңгеге жеткізу көзделген.

Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру үшін жалпы құны 212,5 млрд теңге болатын алты инвестициялық жоба әзірленіп, іске асыру кезеңіне дайындалуда. Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 925 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Солардың ішіндегі ең ірісі – «Өркен» ЖШС-нің «Батыс Қаражал» кен орнын дамыту жобасы. Құны 200 млрд теңгені құрайтын жоба аясында байыту фабрикасы, әкімшілік кешен және теміржол құрылысы жүргізілуде.

Шағын және орта бизнесті дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Биыл өңірде жаңа кәсіпкерлік нысандары ашылып, тұрғындарға ұсынылатын қызмет түрлері көбейді. Жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау жұмыстары жалғасуда.

Құрылыс саласына да ірі инфрақұрылымдық жобалар серпін беріп отыр. Соның бірі – «Мойынты–Қызылжар» теміржол желісінің құрылысы. Жалпы құны 720,3 млрд теңгені құрайтын жобаның ұзындығы 323,3 шақырым болса, оның 47 шақырымы Қаражал қаласының аумағы арқылы өтеді. Құрылыс жұмыстарына тартылған инвестиция көлемі биылғы тоғыз айда 29,784 млрд теңгеге жеткен. Жобаға 19 мердігер ұйым жұмылдырылған. Ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика сақталуда. Биыл тоғыз айда жалпы өнім көлемін 5,9 млрд теңгеге жеткізу күтілуде. Жыл соңындағы меже – 7,4 млрд теңге.

Қала тұрғындарын толғандырған мәселелердің бірі – инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі. Бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, Қаражал қаласының Атасу бағыты жағынан кіреберісіндегі 7,2 шақырым жолға және Жәйрем кентіндегі 5,9 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізіліп, жұмыстар аяқталды. Атасу–Қаражал жолындағы көпір құрылысы да толық орындалды.

Ақтай шағын ауданындағы электрмен жабдықтау мәселесі шешімін тапты. Мұнда электр желілерінің құрылысы аяқталып, қуаттылығы 250 кВА болатын үш трансформаторлық қосалқы станция орнатылды. Нәтижесінде 68 жеке тұрғын үй, мешіт және мектеп жаңа электр желілеріне қосылды.

Ақтай және Станционный шағын аудандары тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген тағы бір мәселесі – ұялы байланыстың қолжетімсіздігі еді. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде «Beeline» ұялы байланыс мұнарасы орнатылып, пайдалануға берілді.

Жәйрем кентінде газдандыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 1 106 абоненттік шығыс орнатылып, жобаның орындалу деңгейі 90 пайызға жеткен. Кәріз желілерін жаңғырту жобалары бойынша жұмыстар жалғасып, 2027 жылдың көктемінде іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік саладағы бастамалар да тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Қаладағы сегіз жалпы білім беретін мектепте 3 511 оқушы білім алып, 409 мұғалім еңбек етуде. Ақтай шағын ауданындағы № 6 және Жәйрем кентіндегі № 10 мектептер күрделі жөндеуден өтті. Ескі Жәйрем кентіндегі № 11 мектепте де қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал № 30 мектептегі күрделі жөндеудің негізгі бөлігі аяқталып, нысанды пайдалануға беру үшін қажетті құжаттар рәсімделуде.

Станционный шағын ауданында 80 орындық жаңа мектептің құрылысы толық аяқталды. Жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын білім ошағын биыл пайдалануға беру жоспарланған. Оқушылардың мектепке қауіпсіз әрі қолайлы қатынауын қамтамасыз ету үшін өңірге үш автобус берілуі де маңызды қолдау болды.

Денсаулық сақтау саласында Қаражал қаласының ауруханасындағы инфекциялық бөлімше ғимаратына 327,2 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Жәйрем кентінің ауруханасына қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алу жұмыстары жалғасуда.

Сонымен бірге, дәрігер тапшылығын азайту мәселесіне басымдық берілген. Жәйрем кентіне төрт бейінді маман қажет. Дәрігерлерді өңірге тарту үшін көтермеақы төлеу, ай сайын қосымша қолдау көрсету және қызметтік тұрғын үй беру мәселелері қарастырылуда. Облыстық бюджет есебінен өңірге жұмысқа келген бес дәрігерге жалпы сомасы 6 млн теңге әлеуметтік қолдау көрсетілген.

Қала мен кенттердің көркін арттыру, тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өңірде 2 324 түп ағаш отырғызылып, сенбіліктер мен экологиялық акциялар тұрақты өткізіліп келеді.

Жәйрем кентіндегі «Кентті алғаш ашқандар» саябағын жаңғырту жұмыстары басталды. Бұған қоса, спорт инфрақұрылымын дамыту аясында Қаражалдағы жабық жүзу бассейні мен «Горняк» стадионы пайдалануға берілген. Қазір жабық хоккей корты мен Жәйремдегі көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Алда қандай жоспарлар тұр?

Кездесуде алдағы жылдарға арналған жоспарлар да ортаға салынды. 2027 жылы жолдарды жөндеу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жобаларын іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, 2027–2028 жылдары Қаражал қаласында «Qarmet» акционерлік қоғамының демеушілігімен 150 орындық балабақша салу жоспарланған. Бұл мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, ата-аналарға қосымша мүмкіндік береді.

Жәйрем кентіндегі ауруханаға қосымша үш қабатты ғимарат салу, күрделі жөндеу жүргізу, аумағын абаттандыру және оттегі станциясын орнату да күн тәртібінде тұр. Бұдан бөлек, медициналық мекемеге екі жедел жәрдем көлігін беру жоспарланған.

Жолдарды жөндеу, электрмен жабдықтау желілерін жаңғырту, су инфрақұрылымын дамыту және қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары да алдағы кезеңнің басым бағыттары қатарында.

Тұрғындар қандай мәселелер көтерді?

Жиынның маңызды бөлігі тұрғындармен ашық пікір алмасуға арналды. Қаражалдықтар баспана, электрмен жабдықтау сапасы, кәріз жүйесі және көлік қатынасы мәселелерін көтерді.

Тұрғындардың бірі әлеуметтік осал топтарға арналып салынған жаңа баспаналар мен қайта жаңғыртылған үйлердің әлі күнге дейін берілмей тұрғанын айтып, баспаналарды бөлу тәртібіне түсініктеме беруді сұрады. Оның айтуынша, тұрғын үйлер бос тұрғанымен, халыққа қолжетімді болмай отыр. Сонымен қатар, қаладағы электр энергиясының сапасына қатысты мәселе де қозғалды. Тұрғын электр тарифтерінің өсуіне қарамастан, жарықпен қамту сапасы көңіл көншітпейтінін жеткізді.

Облыс әкімі электр желілерінің тозуы өзекті мәселе екенін мойындап, оларды тиісті ұйымның теңгеріміне беру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Желілер ЖРЭК мекемесінің қарауына өткеннен кейін оларды күтіп ұстау, жөндеу және жаңғырту мәселелерін жүйелі шешу мүмкіндігі артатыны атап өтілді.

Қаражал қаласының 12-орамындағы № 33 үй тұрғындары жертөледегі кәріз желілерінің жағдайына шағымданды. Олардың айтуынша, өткен жылы жүргізілген жөндеу жұмыстары сапасыз орындалып, биыл желі қайта жарылып, жертөлені кәріз суы басқан.

Қала әкімі Айқын Елеусізов кәріз желілерін жаңғырту жобалары аяқталғаннан кейін бұл мәселені шешу мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.

Тұрғындар көтерген тағы бір мәселе – облыс орталығына қатынау. Бұған дейін Қарағанды бағытына теміржол арқылы вагондар қатынағанын еске салған жұртшылық Жезқазғанмен де осындай қатынас орнату жөнінде ұсыныс білдірді. Облыс әкімі бұл бағытта жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

Тұрғындармен кездесуде айтылған мәселелердің әрқайсысы жергілікті халық үшін маңызды. Өйткені, инфрақұрылымның сапасы, қолжетімді баспана, тұрақты электр қуаты мен ыңғайлы көлік қатынасы – күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін түйткілдер. Сондықтан, оларды шешу нақты іс-қимыл мен жүйелі бақылауды қажет етеді.

Түйін

Есепті кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыстық басқарма басшылары да азаматтардың өтініштерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Бұдан соң Есет Байкен қаладағы қайта жаңғыртудан өткен көпқабатты тұрғын үйдің жағдайымен танысты. 2025 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілген ғимаратта 36 пәтер бар. Оның алтауы – бір бөлмелі, 27-сі – екі бөлмелі, үшеуі – үш бөлмелі пәтер. Қазіргі уақытта тұрғын үйді «Отбасы банк» қарауына беру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі нысанның жағдайын көріп, тұрғын үйлерді тиісті рәсімдерден өткізіп, баспанаға мұқтаж азаматтарға берілуін жеделдету жөнінде тапсырма берді.

Қаражалдағы кездесу билік пен бұқара арасындағы ашық диалогтың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар сараланып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өміріне әсер ететін өзекті мәселелер де ортаға салынды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту – бір күндік міндет емес. Ол жүйелі жұмысты, нақты шешімдерді және нәтижеге бағытталған бақылауды талап етеді. Қаражал жұртшылығының үміті де осы – көтерілген мәселелердің сөз жүзінде қалмай, нақты іспен шешілуі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ