Әлем төрінде ел намысын қорғаған жәйремдік ару

Жәйрем жұртшылығы үшін қуанышты жаңалық келді. Жас спортшы Еркежан Наукенова самбодан әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алып, туған өлкесінің мерейін асқақтатты. Бұл жеңіс тек спортшының жеке жетістігі ғана емес, Қаражал-Жәйрем өңірі спорты үшін тарихи оқиғаға айналды.

2-4 қазан аралығында Грекияның Салоники қаласында самбодан кадеттер, жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Әлемнің қырықтан астам елінен келген мықты спортшылар бақ сынаған байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының намысын қорғаған Еркежан Наукенова жүлдегерлер қатарынан көрініп, ел қоржынына қола медаль салды.

Бұл жетістіктің ерекшелігі де осында. Еркежан самбо күресінен әлем чемпионатының жүлдегері атанған тұңғыш жәйремдік спортшы ретінде Қаражал-Жәйрем өңірінің спорт тарихына өз есімін алтын әріппен жазды. Бұған дейін жергілікті спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсеткенімен, әлем біріншілігінің тұғырына көтерілу екінің біріне бұйыра бермейтін биік белес еді.

Жасөспірім қыздар арасындағы +72 келі салмақ дәрежесінде белдескен Еркежан бұл додаға үлкен дайындықпен келді. Оның спорттық қоржынында Азия чемпионатының алтын медалі, Қазақстан чемпионаттарындағы бірнеше жеңіс және халықаралық турнирлердегі жоғары нәтижелер бар. Әлем чемпионатының қола медалі осы жылдар бойы төгілген маңдай тер мен табанды еңбектің заңды жемісі болды.

Чемпионат барысында жәйремдік спортшы өзінің шеберлігі мен қайсарлығын тағы бір мәрте дәлелдей білді. Қарсыластарының қатарында Болгария, Моңғолия, Сербия, Грузия, Грекия, Молдова және Украина елдерінің өкілдері болды. Әрбір белдесуде жеңіске деген жігерін танытқан Еркежан жарыс барысында тек Ресей спортшысына ғана жол берді.

Қола жүлденің тағдыры шешілген белдесуде ол Сербия құрамасының өкілімен кездесіп, тартысты бәсекеде басымдық танытты. Осылайша әлем чемпионатының қола медалін иеленіп, халықаралық аренада Қазақстанның көк Туын биікке көтерді.

Жас спортшының бұл табысында оның жаттықтырушысы Мөлдір Сатжанованың еңбегі ерекше. Шәкіртінің қабілетін шыңдап, үлкен жарыстарға дайындаған бапкердің табандылығы мен кәсіби біліктілігі әлемдік деңгейдегі нәтижемен дәлелденіп отыр.

Сонымен қатар, спортшыға қолдау көрсетіп, бапкерінің әлем чемпионатына бірге баруына мүмкіндік жасаған «Казцинк» ЖШС-не және «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықовқа өңір жұртшылығының алғысы ерекше. Өскелең ұрпаққа жасалған мұндай қолдау жас таланттардың жаңа белестерді бағындыруына жол ашады.

Бүгінде Еркежанның жеңісі Жәйремдегі көптеген жасөспірімдерге жігер беріп отыр. Оның әлемдік тұғырға көтерілген жолы еңбек пен табандылықтың арқасында кез келген арманның орындалатынын көрсетті.

Қаражал-Жәйрем өңірі үшін тарихи жетістікке қол жеткізген Еркежан Наукеноваға алдағы жарыстарда да толағай табыс тілейміз. Әлем чемпионатының қола жүлдесі жаңа жеңістердің бастамасы болып, келешекте әлемдік додалардың ең жоғары сатысынан көрінуіне жол ашсын! Жерлестерінің сенімі мен мақтанышына айналған жас спортшының жеңіс жолы жалғаса берсін!

Сүйінші болған жағымды жаңалығымыз баспаға дайындалып жатқан тұста ел намысын абыроймен қорғаған чемпион қызымыз да туған жеріне оралды. Кеудесін мақтаныш кернеген Еркежан мен оның бапкері Мөлдір Сатжанованы жерлестері зор қуанышпен қарсы алды. Жәйрем кентінің кіреберісінен бастап ауыл мақтанышын күтіп алған қауымның ортасында Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары, әкімдік мамандары, № 10 мектептің директоры Айтолқын Жамбекова, ұстаздар мен оқушылар, «Өндіріс волонтерлері» тобы және «Жәйрем Спорт клубы» қоғамдық бірлестігінің ұжымы болды.

Олар чемпионды ақжарма тілектерімен қарсы алып, қолдау мен құрметтің ерекше үлгісін көрсетті. Бұл сәт Еркежанның жеңісі тек жеке жетістік емес, бүкіл Жәйрем жұртшылығының ортақ мақтанышына айналғанын аңғартты.

Теректі ШАҒАТАЙ