Елдің дамуы мен әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі – сыбайлас жемқорлықты жеңу. Қайсыбір мемлекет келешегінің салауатты, табысты болуын, халқының әлеуметтік мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етуге тырысады. Дегенмен, қоғамның қасіретіне айналған дерті – сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық. Бұл дертпен күресу – әрбіріміз үшін басты парыз.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу – елдің бүгінгі күнгі мемлекеттік саясатының басты мақсаттарының бірі. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданғаннан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің азаюы байқалады.
«Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз», — деп Мемлекет басшысы келешектің жемқорлықсыз, адал болуын мақсат етті.
Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық. Бірінші кезекте, пара берудің себептері, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни, пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптастыруға тиіспіз.
Сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру — әрбір азаматтың борышы.
Айгүл НУРГАЛИЕВА,
Қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары
