Халықпен етене байланыс – нақты істердің кепілі

Жергілікті биліктің басты міндеті – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қою емес, көтерілген мәселелерді саралап, олардың шешу жолдарын нақты айқындау. Елді мекеннің өркендеуі мен тұрғындардың тұрмыс сапасының артуы, ең алдымен, билік пен халық арасындағы өзара сенімге, ашық диалогқа және тұрақты байланысқа негізделеді. Осы тұрғыдан алғанда, Жәйрем кентінде ұйымдастырылған тұрғындармен кездесулер жергілікті атқарушы биліктің ашықтық пен қолжетімділік қағидаттарын басшылыққа алып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Жәйрем кентінің әртүрлі шағын аудандарында кент әкімі Қайрат Жансағымовтың бастамасымен тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізілді. Самостройка, 9-орам, Красноярский котеджі шағын ауданы, Поселок, Дача, Ынтымақ, Игілік-Достық және ГРЭ шағын аудандарын қамтыған бұл жиындардың негізгі мақсаты — тұрғындармен тікелей пікір алмасу, олардың көкейіндегі мәселелерді тыңдау және ортақ шешімдер қабылдау болды.

Мұндай кездесулердің маңызы олардың ресми жиын шеңберімен шектелмейтіндігінде. Ашық форматта өткен басқосуларда тұрғындар күнделікті өмірде кездесетін өзекті мәселелерді бүкпесіз көтеріп, ұсыныс-пікірлерін еркін жеткізе алды.

Әсіресе, кенттің 2026-2027 жылғы жылу маусымына дайындығы, орамдардың тазалығы, санитарлық жағдайы, сенбіліктер ұйымдастыру, абаттандыру жұмыстары, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар кеңінен талқыланды. Әрбір шағын аудандағы ерекшеліктер мен тұрғындардың талап-тілектері жеке қарастырылып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қайрат Жансағымов халықпен байланыс орнатуды басқару жұмысының маңызды бағыты ретінде қарастырады. Сондықтан, тұрғындармен кездесулер бір реттік шара емес, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әкім әрбір аумаққа арнайы барып, тұрғындардың пікірін тікелей тыңдап, көтерілген мәселелердің мән-жайына жан-жақты тоқталды. Мұның өзі халықтың талап-тілегіне бейжай қарамайтын, кері байланысты басты назарда ұстайтын басқару мәдениетінің қалыптасқанын аңғартады.

Кездесулер барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты сауалдар ерекше назарға алынды. Алдағы қыс мезгілінде тұрғындардың еш кедергісіз жылумен қамтамасыз етілуі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың барысы тұрғындарға таныстырылып, жылу беру маусымына дайындық мәселелері жан-жақты талқыланды.

Қазандықтардың, инженерлік желілердің және тұрғын үйлердің дайындығы тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететіндіктен, бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты бақылауда екендігі атап өтілді.

Сонымен қатар, кездесулердің күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі кенттің тазалығы мен көркейтілуі болды. Қайрат Жансағымов тазалық мәселесі тек коммуналдық қызметтердің міндеті ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екенін атап өтті. Осыған байланысты сенбіліктер өткізу, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, аулаларды абаттандыру және қоршаған ортаны таза сақтау мәселелері кеңінен талқыланып, тұрғындардың бастамалары қолдау тапты. Таза әрі көрікті елді мекен қалыптастыру жолында тұрғындар мен әкімдік арасындағы бірлескен жұмыстың маңызы ерекше екендігі айтылды.

Кездесулер барысында әр шағын ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталынды. Тұрғындарға биыл жүзеге асырылған жобалар мен алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар туралы ақпарат беріліп, олардың орындалу мерзімдері түсіндірілді. Бұл, бір жағынан, халықтың жергілікті билік жұмысы туралы хабардар болуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан, қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Әсіресе, 9-орам тұрғындарымен өткен кездесуде кент өміріне тікелей қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, газ желісін тарту, балалар ойын алаңын орнату және қараусыз жүрген мал мәселесі тұрғындардың басты сұрағы болды. Әкім бұл мәселелердің әрқайсысы тұрғындардың тұрмыс сапасына әсер ететін өзекті түйткіл екенін атап өтіп, ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді. Тиісті бөлімдер мен жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріліп, мәселені кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылды.

Мұндай кездесулерге округ бойынша сайланған мәслихат депутаттарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің, учаскелік полиция инспекторларының және коммуналдық сала мамандарының қатысуы олардың тиімділігін арттыра түсті. Өйткені, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарға сол жерде жауап алып, ұсыныстарын жауапты тұлғаларға тікелей жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Бұл көтерілген мәселелердің уақытылы қаралуына және шешім қабылдау тетігінің жеделдеуіне ықпал етеді.

Бүгінде халықпен кері байланысты күшейту, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қою жергілікті атқарушы органдар жұмысының басты көрсеткіштерінің біріне айналды. Осы тұрғыдан алғанда, Қайрат Жансағымовтың әр шағын ауданға арнайы барып, тұрғындармен жүздесуі, олардың пікірлері мен ұсыныстарын назарға алуы оның ел мүддесін бірінші орынға қоя білетін басшы екенін көрсетеді. Халықпен тікелей сөйлесу арқылы ғана нақты жағдайды бағалап, шынайы қажеттіліктерді анықтауға болатынын әкім өз ісімен дәлелдеп келеді.

Теректі ШАҒАТАЙ