Мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін жетілдіру

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының 3-бабына сәйкес, мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі, мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу, тағы сол сияқты қағидаттар негізінде көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің негізгі функцияларына мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын бақылау салаларында нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу жатады.

Осы орайда, Департамент тарапынан тоқсан сайын мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтерді көрсету процесін құқықтық реттелуін бағалау, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды және техникалық мүмкіндіктерді бағалау, мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін жетілдіру бағыттары бойынша талдау жүргізіледі.

Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары салаларында мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында бірқатар мәселелер анықталды.

Мысалы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығына 1-қосымшамен бекітілген «Жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына 1-қосымшасының 2-тармағы 2-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдерінің бірі «цифрлық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы болып табылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 2 маусымдағы № 367 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру, жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидаларына 3-қосымшасының 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, «Ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету)» мемлекеттік көрсетілетін қызметін ұсыну тәсілдеріне «цифрлық үкіметтің» веб-порталы жатқызылған.

Алайда, аталған мемлекеттік қызметтер порталда автоматтандырылмаған қызмет ретінде көрсетілген болатын.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 112 бұйрығымен бекітілген Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, оларға өзгерістер, түзетулер, толықтырулар енгізу, азаматтық хал актілерінің күшін жою және қалпына келтіру қағидаларына 4-қосымшасының 4-тармағына сәйкес, «Бала тууды тіркеу», «Туу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін көрсету тәсілдерінің бірі ретінде «цифрлық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы көрсетілген.

Дегенмен, аталған мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу үшін «цифрлық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы арқылы жүгінгенде тиісті куәлікті беретін Халыққа қызмет көрсету орталығын таңдау мүмкіндігі болмады.

Бұл ретте, Департаментпен аталған мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, Қағидалармен сәйкестендіру мақсатында Агенттікке тиісті ұсыныстар жолданды.

Нәтижесінде, «Жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту», «Ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету)», «Бала тууды тіркеу», «Туу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу» мемлекеттік қызметтері порталда автоматтандырылған қызмет ретінде белгіленіп, азаматтарға электрондық форматта көрсету мүмкіндігі қамтамасыз етілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті.