Кеншілер саябағында Қаражал қаласының «Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде» есепте тұрған жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар тұлғаларға арналған көңілді әрі мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – қызмет алушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың көңіл-күйін көтеру, белсенді өмір салтын қалыптастыру және қоғаммен араласуына қолдау көрсету.
Шара барысында қатысушылар екі командаға бөлініп, түрлі спорттық эстафеталарға қатысты. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне және мүмкіндіктеріне қарамастан белсенділік танытып, көтеріңкі көңіл-күймен ойындарға атсалысты. Іс-шараның ең қызықты сәттерінің бірі – VR көзілдіріктері арқылы 3D форматтағы виртуалды саяхат жасау болды. Қарттар мен мүгедектігі бар тұлғалар заманауи технологияның мүмкіндігін пайдаланып, виртуалды әлемге саяхат жасап, бұрын баруға мүмкіндігі болмаған түрлі орындарды тамашалады. Бұл жаңашылдық қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, жақсы әсер қалдырды. Спорттық ойындар мен виртуалды саяхаттан кейін қатысушылар үшін жайлы ортада шай дастарханы ұйымдастырылды. Дастархан басында қарттар өзара әңгіме-дүкен құрып, естеліктерімен бөлісіп, бір-бірімен еркін пікір алмасты. Жылы әңгіме мен көтеріңкі көңіл-күй шараның мазмұнын одан әрі толықтыра түсті.
Шара барысында жалғызбасты қарттарға ерекше көңіл бөлініп, оларға сыйлықтар табысталды. «Shine» шаштаразының иесі Марина Климова жалғызбасты қарттарға тегін шаш қиюға арналған сыйлық сертификаттарын ұсынды. Ал «Добрый новый век» дәріханасының иесі Замзагүл Артықбаева қарттарға дәріхана қызметтеріне жеңілдік беретін сертификаттар табыстады. Осындай қолдау қарт жандарға қуаныш сыйлап, олардың қоғам назарында екенін сезінуге мүмкіндік берді.
Іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен жандарға ерекше алғыс білдіреміз. VR көзілдіріктерін қатысушыларға тегін ұсынған жеке кәсіпкер Айсұлу Наукеноваға, жалғызбасты қарттарға тегін шаш қию сертификаттарын ұсынған «Shine» шаштаразының иесі Марина Климоваға, жеңілдік сертификаттарын табыстаған «Добрый новый век» дәріханасының иесі Замзагүл Артықбаеваға және шай дастарханын ұйымдастырып, шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан «Мерейлі жандар» қоғамдық бірлестігіне шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Айта кетерлігі, бұл – «Мерейлі жандар» қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік қолдауға бағытталған игі бастамаларының бірі ғана емес. Тамыз айында ерекше күтімді қажет ететін балаларға да арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Балаларға арналған шара барысында түрлі шығармашылық жұмыстар жүргізіліп, сурет салу және әртүрлі шеберлік сабақтары өткізілді. Балалар өз қиялдарын қағаз бетіне түсіріп, шығармашылық қабілеттерін танытып, қызықты жұмыстар жасады. Шара соңында балалар мен олардың ата-аналарына арнап дастархан жайылып, көңілді әрі жылы орта қалыптасты.
Осындай іс-шаралар – қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықты арттырып, ерекше қолдауды қажет ететін жандардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Қарттарға көңіл бөлу, балаларға қуаныш сыйлау – баршамызға ортақ адамгершілік міндет. Әлеуметтік бағыттағы осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз. Қамқорлыққа, қолдауға және жақсы көңіл-күйге мұқтаж жандарға қуаныш сыйлауға атсалысып жүрген барлық азаматтар мен ұйымдарға алғысымыз шексіз!
Қаражал қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі» КММ.
