Қарттарым – асыл қазынам

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» дейді халқымыз. Расында да, үлкендердің батасын алып, ақылын тыңдап өскен ұрпақтың өмірінде қариялардың орны бөлек. Өйткені, қария – кешегі күннің куәсі ғана емес, бүгін мен ертеңді жалғап тұрған алтын арқау.

1 қазан – Қарттар күніне орай Қаражал қаласында аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, көңілдеріне қуаныш сыйлаған «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара өтті. Бұл күн жай ғана концертпен шектелмей, спорттық сайыстардан басталып, салтанатты марапаттау рәсімі мен әсем әнге ұласты.

Мерекенің алғашқы бөлігінде қариялар өзара дойбы, дартс және скандинавиялық жүріс бойынша бақ сынасты. Жасына қарамай белсенділік танытқан қатысушылардың бойынан өмірге деген құштарлық пен сергектік байқалды. Бірі дойбы тақтасында қарсыласын оймен ұтса, енді бірі дартста дәлдігін сынады. Ал скандинавиялық жүріске қатысушылар таза ауада серуендеп, дене белсенділігін арттырды. Сондай-ақ, арнайы жаттықтырушының жетекшілігімен дене шынықтыру жаттығулары ұйымдастырылды.

Бұл сайыстардың басты мақсаты – қарияларды қозғалысқа тарту, денсаулықтарын нығайту және ең бастысы – бір-бірімен жүздесіп, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құру еді. Сайыс қорытындысында белсенділік танытқан қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Мерекенің келесі бөлігі мәдени-сауық орталығының көрермендер залында салтанатты түрде жалғасты. Қаражалдың тарихын еңбек адамдарының өмір жолынсыз елестету қиын. Кезінде шахта мен өндірістің ыстық-суығына төзіп, қаланың дамуына, сондай-ақ, білім, медицина, мәдениет салаларына үлес қосқан аға буын өкілдерінің әрқайсысының артында өнегелі жолы бар. Бүгінгі мереке – сол еңбекті елеп, еңселі азаматтарға алғыс білдіретін ерекше күн болды.

Салтанатты марапаттау рәсімінде қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар ардагерге Ұлытау облысы мен облыстық ардагерлер кеңесінің марапаттарын табыстады. Атап айтқанда, Айкен Садықов Ұлытау облысының «Құрметті ардагері» төсбелгісімен, Галина Симахина Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен, ал Кулара Артықбаева мен Рыскүл Смаганбетова Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапат иелері сахнаға көтерілген сәтте залдағы көрермендер олардың ерен еңбегіне шынайы ризашылық білдіріп, ыстық қошемет көрсетті.

Марапаттау рәсімінен кейін сахна өнерпаздарға берілді. Республикалық байқаулардың лауреаты Базаркүл Ибрагимқызы «Елге сәлем» және «Қазағым-ай» әндерін орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. Ал кештің арнайы қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Айгүл Иманбаева өзінің әуезді әндерімен мерекенің көркін ашып, залға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қариялар да әнге қосылып, кештің әрбір сәтін ерекше тебіреніспен тамашалады.

Қарттар күні – күнтізбедегі жай ғана атаулы күн емес, бұл – өмірдің талай белесінен өткен, елге еңбек сіңірген үлкендерге тағзым ететін, олардың еңбегін бағалайтын күн. Қаражалдағы «Қарттарым – асыл қазынам» атты шара да осы ізгі ниеттің айқын көрінісі болды.

Қариялар азайып бара жатыр… Сондықтан, барымызды бағалап, үлкендеріміздің қадірін тірісінде білгенге не жетсін?! Олардың әрбір әңгімесі – тарих, әрбір ақылы – өмір мектебі, ал батасы – кейінгі ұрпаққа аманат. Қазыналы қарттарымыздың ғұмыры ұзақ, дені сау, көңілі шат болсын! Ақ баталары ұрпағына жол көрсетіп, төрімізден қарттарымыздың қадірлі орны ешқашан ортаймасын!

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ