Қаражалда жаңа ветеринариялық станция филиалы есігін ашты

Қаражалда биыл қарқынды дамып, бой көтеріп жатқан жаңа нысандар өте көп. Қаланың сәулеті артып, инфрақұрылымы дамыған сайын тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне де қолайлы жағдайлар жасалуда. Осы оң өзгерістердің заңды жалғасы ретінде жақында өңірдің ауыл шаруашылығы секторы мен ветеринария саласы үшін тағы бір айтулы оқиға өтті. Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жаңаарқа аудандық ветеринариялық станциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының Қаражал қаласындағы жаңа филиалы салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Бұл қуанышты сәт – жергілікті мал шаруашылығының қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадам. Жаңадан ашылып отырған ветеринариялық станция филиалы — Қаражал қаласы мен оған іргелес аумақтағы шаруа қожалықтарына, жеке азаматтарға көрсетілетін ветеринариялық қызметтің сапасын арттырып, оны қолжетімді ете түспек.

Салтанатты жиынға Қаражал қаласы әкімдігінің өкілдері, мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, сала ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Жиында алғашқы құттықтау сөз Жаңаарқа аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Қанат Мұқановқа берілді.

Бұдан кейін құттықтау кезегін алған Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Думан Бүкірбаев пен Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова жаңа нысанның ашылуымен тұрғындарды құттықтап, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Мерекелік шарада аға буынның ақ батасы да ұмыт қалмады. Қаражал қаласының ардагерлер қауымдастығы атынан Мешітбай Омаров ақсақал сөз алып, жаңа бастамаға оң батасын берді. Сонымен қатар, ветеринария саласының дамуына өзіндік үлес қосқан тәжірибелі маман, сала ардагері Қорған Отарбаев та ізгі лебізін білдіріп, жас мамандарға сәттілік тіледі.

Шараның ең жауапты әрі толқынысты сәті – дәстүрлі қызыл лента қию рәсімі болды. Қала әкімінің орынбасары бұл құрметті миссияны іске асыру сала ардагері Қорған Отарбаевқа, станция басшысы Қанат Мұқановқа және ел ағасы Мешітбай Омаровқа жүктелді. Салтанатты музыка ырғағымен лента қиылып, қазақы дәстүр бойынша шашу шашылды.

Рәсім аяқталған соң, жиналған қонақтар заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа ғимараттың ішкі мүмкіндіктерімен танысты.

Шара барысында Жаңаарқа аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Қанат Мұқановты сөзге тартып, жаңа нысанның техникалық мүмкіндіктері мен алдағы жоспарлары туралы білген едік.

Облыстық бюджеттен мемлекеттік сатып алу арқылы әр ғимаратқа бастапқыда 30 млн теңге көлемінде қаражат қаралған болатын. Нәтижесінде бұл заманауи нысан 25 млн 143 мың теңгеге бой көтерді. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Нұрлы аспан» ЖШС жүргізді. Мекеменің дәл жанынан мал бұғаттайтын арнайы орын салынды. Нысан заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, ішінде вакциналарды сақтауға арналған арнайы тоңазытқыш қойма орнатылды. Бұл атқарылған жұмыстардың басы ғана. Алдағы уақытта мал қорымын қоршау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, келесі жылы Жәйрем кентінде де дәл осындай заманауи ветеринариялық пункт салып беру жоспарда бар, — деп бөлісті Қанат Бейсенұлы.

Бір сөзбен айтқанда, бұл заманауи ветеринариялық станция филиалы — қазыналы өлкенің өркендеу қоржынына қосылған тағы бір маңызды әрі игілікті нысан болды. Жыл өткен сайын ажарланып, инфрақұрылымы кеңейіп келе жатқан Қаражал қаласында мұндай жаңа жобалардың бой көтеруі – елдің әл-ауқаты мен болашағына жасалған үлкен инвестиция. Жаңадан ашылған нысан өңірдегі төрт түліктің амандығы мен ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында ұзақ жылдар бойы халыққа мүлтіксіз қызмет ететіні сөзсіз.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ