«ҰЛЫТАУ – МЕЙІРІМІ» ФЕСТИВАЛІ — ӨЗ МАҚСАТЫНА ЖЕТТІ  

Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында «Ұлытау – Мейірімі» ІІ облыстық инклюзивті фестивалі өтті. 

Фестивальдің басты мақсаты ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету, шығармашылық әлеуетін ашу, олардың қоғамға белсенді араласуына барынша жағдай жасау, құқықтары мен мүмкіндіктерін жан-жақты насихаттау, әлеуметтік ортадағы теңдігін қамтамасыз етуге ықпал ету. Сонымен қатар балалардың өз қабілеттерін дамытуына мүмкіндік беріп, мейірімділік, қамқорлық және өзара құрмет құндылықтарын қалыптастыру.

Айтулы ісшараға Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау ауданынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жастар белсенді қатысты.

Фестивальдің бірінші күні «Жігер» спорт кешенінде салтанатты ашылып, балалар ұлттық ойындар мен түрлі спорттық шараларға қатысып бақ сынаса, екінші күні қатысушыларға музыкалық қойылымдар, сән көрсетілімі және шығармашылық шеберлік сабақтары ұсынылды. Сондай-ақ, байқаудың ең айшықты сәті балалар мен жасөспірімдердің қолөнерлерінің көрмесі фестиваль қонақтарының қызығушылығын арттырды.

Сайысқа барлық балалар зор құлшыныспен қатысып, өз өнерлерін ортаға салып, шығармашылық қабілеттерін паш етті. Ал, шеберлік сабақтары барысында олар жаңа дүниелерді меңгеріп, өзара тәжірибе алмасты. Еркін қарым-қатынас пен шығармашылық бастамаларға қолдау көрсетіліп, мерекелік әрі қолжетімді орта қалыптасты. Фестивальді ұйымдастырудағы басты мақсатта осы еді.

Екі күнге созылған фестиваль қатысушыларға да, көрермендерге де ұмытылмас әсер сыйлады. Байқауға қатысушылардың барлығы арнайы марапатталып, мерейлері өсті.

«Ұлытау – Мейірімі» қоғамдық қорының басшысы Гүлжихан Әбдіғалиева барлық қатысушылар мен қонақтарға шексіз алғысын жеткізіп, «Ұлытау – Мейірімі» фестивалі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жастарға тең мүмкіндік беріп, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашатын бірегей жоба екенін айтты. Сонымен қатар орталықтың негізі көздегені ерекше қажеттіліктері бар балаларға мейлінше қолдау көрсету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ықпал ету, қоғамдық ортада өздерін еркін сезініп, кірігуіне жағдай жасау, шығармашылық және жеке қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беру, инклюзивті орта қалыптастыру деді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болатынын айтты. Осындай ісшараны ұйымдастырған «Ұлытау – Мейірімі» қоғамдық қорының әкімшісіне, ұжымына балалар мен бірге олардың отбасы тарапынан балалардың жетекшілері де дән риза болып, ізгі лебіздерін айтып, алғыстарын жаудырып қайтты.

Ізтөлеу БЕКЕНҰЛЫ

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы