Өндірістегі әрбір тонна кеннің артында дәлдікке, ұқыптылыққа және кәсіби жауапкершілікке негізделген үлкен еңбек жатыр. Кеннің сапасын анықтау, оның құрамын бақылау және технологиялық үдерістердің дұрыс жүруін қамтамасыз ету кен бақылаушы мамандығының басты міндеттерінің бірі. Кәсіпорын жұмысының нәтижелілігі мен өндірістік көрсеткіштердің нақтылығы осы сала мамандарының еңбегімен тығыз байланысты. Осындай жауапты қызметті ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарып келе жатқан жандардың бірі – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ аналитикалық және техникалық бақылау қызметінің кен бақылаушысы Әлия Әбілдина.
Бүгінде өндірістегі тәжірибелі мамандардың біріне айналған кейіпкеріміздің еңбек жолы Қостанай облысының Жалғызтал ауылынан бастау алады. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген ол бала күнінен еңбекқорлықты, төзімділікті және жауапкершілікті өмірлік ұстаным етіп қалыптастырды. Бір шаңырақтағы 11 баланың төртіншісі болып өскен оның екі ағасы, бір әпкесі, бір інісі және алты сіңлісі бар. Әкесі Бегислам Шәймерденұлы өмір бойы мал шаруашылығымен айналысса, алтын құрсақты анасы Ақбала бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған. Ата-ананың бойына сіңірген еңбекқорлық пен адамгершілік қасиеттері өмірлік темірқазығына айналған. Бүгінде ата-анасы, екі ағасы мен екі сіңлісі өмірден озған.
1985 жылы Жалғызтал ауылындағы Тоқтар Әубәкіров атындағы мектептің табалдырығын аттап, оны 1995 жылы тәмамдайды. Мектеп бітірген соң Жәйрем кентіндегі туыстарының қолына келіп, еңбек жолын бастайды. Алғашқы жұмыс орны сол кездегі «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ қарамағындағы «Буратино» балабақшасы болды. Мұнда тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек етіп, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтады. Жұмыс істей жүріп, білім алуды да назардан тыс қалдырмай, Жезқазған аграрлық-техникалық колледжінің «Банк ісі» мамандығына сырттай оқуға түсіп, кәсіби білім алып шығады. Жастайынан ізденіске бейімдігі мен еңбекқорлығы кейінгі кәсіби қалыптасуына берік негіз қалады.
Дегенмен, тағдыр оны мүлде басқа салаға алып келді. 1997 жылы «Буратино» балабақшасы жабылғаннан кейін комбинаттың техникалық бақылау бөліміне кен сұрыптаушы болып жұмысқа қабылданады. Бұл кезең оның өндірістегі ұзақ әрі табысты еңбек жолының бастауы болды. Уақыт өте келе жауапкершілігі мен іске деген тиянақтылығының арқасында кен бақылаушы қызметіне ауыстырылып, содан бері осы мамандықтың қыр-сырын терең меңгерген тәжірибелі кәсіби маманға айналды.
Сырт көзге кен бақылаушының жұмысы қарапайым болып көрінуі мүмкін. Алайда, өндірістегі кеннің сапасын бақылау, құрамындағы пайдалы компоненттердің мөлшерін анықтау, өндірістік көрсеткіштердің дәлдігін қамтамасыз ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінде оның негізгі міндеттерінің бірі — «Жәйрем» кенішінен өндіріліп, конвейер арқылы келіп түсетін кеннен сынамалар алып, оларды зертханалық талдауға дайындау.
Арнайы талаптарға сәйкес іріктелген сынамалар ұсақталып, өңделіп, рәсімделгеннен кейін талдау жүргізетін зертханаға жіберіледі. Сонымен қатар, кен тиелетін вагондардың техникалық жай-күйін тексеріп, тиеу процесінің технологиялық талаптарға сай орындалуын қадағалайды.
Кен бақылаушы үшін әрбір сынаманың маңызы ерекше. Зертханалық талдаудың дәлдігі мен өндірістік шешімдердің дұрыстығы сол сынамалардың сапасына тәуелді. Сондықтан, бұл қызмет мұқияттылықты, зейінділікті және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Оның күнделікті жұмысына кен ағынының тұрақтылығын бақылау, сынамаларды тіркеу, өндірістік құжаттарды толтыру, есеп жүргізу және кен құрамындағы өзгерістерді қадағалау да кіреді. Мұндай жұмыстардың барлығы өндірістің үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуіне тікелей ықпал етеді.
Қазіргі уақытта 11,5 сағаттық ауысыммен еңбек етеді. Мұндай қарқын төзімділікті ғана емес, әр сәтке сергек болуды қажет етеді. Өйткені, өндірісте ұсақ-түйек деген ұғым жоқ. Әрбір бақылау, әрбір өлшем мен әрбір рәсімнің артында тұтас өндірістік үдерістің тұрақтылығы тұр.
Бүгінде аналитикалық және техникалық бақылау қызметінің құрамында еңбек ететін ол ұжымдағы тәжірибелі мамандардың бірі саналады. Қызмет басшысы Миршара Ізбасарова болса, техникалық бақылау бөлімін Көбел Нұрмұратов басқарады. Кейіпкеріміз басшылары туралы әрдайым ерекше құрметпен пікір білдіреді.
– Басшыларымыз өндірістің күрделілігін жақсы түсіндіреді. Бізден үнемі мұқияттылықты, сақтықты және жауапкершілікті талап етеді. Өте білікті мамандар. Қажет кезде бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуден аянбайды. Өз ісіне жауапкершілігі жоғары адамдардан көп нәрсе үйрендік, – дейді ол.
Сонымен қатар, еңбек жолының бастауында тұрған жандарды да әрдайым ризашылықпен еске алады. Алғашқы басшысы Сапарбек Ғабуллинұлы болса, кейін бөлімге Луиза Нематовна жетекшілік етті. Өндірістің қыр-сырын үйреткен тәлімгері Ғалия Қасымова болды. Батима Алдаоңғарова, Екатерина Шаталова, Рахила Байешова, Мажыра Сағынтаева сынды әріптестерімен бірге еңбек етіп, кәсіби тәжірибесін шыңдап, өндірістегі өз орнын қалыптастырды.
Жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен адал еңбек әрқашан өз бағасын табады. Оның дәлелі ретінде 2025 жылы комбинатта өткен «Кәсіби шеберлік» байқауында «Үздік кен бақылаушы» аталымы бойынша І орын иеленуін атауға болады. Бұл жетістік көп жылғы еңбектің, кәсіби шеберліктің және мамандығына деген сүйіспеншіліктің нәтижесі еді.
Бүгінде ол тек тәжірибелі маман ғана емес, жастарға жол көрсететін тәлімгер де. Жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлерге өндірістің қыр-сырын үйретіп, жинаған тәжірибесімен бөліседі. Оның тәлімін көрген онға жуық жас маман бүгінде өндірісте табысты еңбек етіп, өз орындарын тапқан. Тіпті, олардың қатарында шеберлік дәрежесіне дейін көтерілгендері де бар. Бұл өндірістегі сабақтастық пен тәжірибе алмасудың жарқын көрінісі.
– Бізді де кезінде тәжірибелі мамандар тәрбиеледі. Сондықтан, өзімнің білгенімді кейінгі буынға үйрету парызым деп санаймын. Өндірісте тәжірибенің орны ерекше, — дейді кейіпкеріміз.
Қарбалас жұмысқа қарамастан, отбасы оның өміріндегі басты құндылықтардың бірі болып қала береді. 2002 жылы жәйремдік Дәурен Әбілдинмен шаңырақ көтеріп, бүгінде өнегелі отбасының ұйытқысына айналған. Жолдасы да өндіріс саласында еңбек етеді. Ол «Жәйрем» кенішінде автокөліктердің техникалық жай-күйін бақылаушы механик болып жұмыс істейді. Комбинаттағы еңбек өтілі 25 жылдан асады.
Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп өсірді. Қызы Ләйлә жоғары оқу орнында «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығын меңгерген. Үлкен ұлы Әліби Қарағандыдағы политехникалық университетте «Материалдар технологиясы» мамандығы бойынша білім алуда. Ал кенже ұлы Бекәлі № 10 мектептің 7-сыныбында оқиды.
Жұмыстан тыс уақытта да бос отыруды ұнатпайды. Қолында қарт ата-енесі бар. Үлкендердің бабын тауып, жағдайын жасау да үлкен жауапкершілік деп есептейді. Бұған қоса жер үйдің шаруасы тағы бар.
– Қол босай қалса, тәтті тағамдар пісіремін. Бақша егеміз, өнім жинаймыз. Жеміс-көкөністі тұздап, қайнатып, қысқа дайындаймыз. Жер үйдің тірлігі ешқашан бітпейді ғой, – дейді күлімсіреп.
Қостанайдың қарапайым ауылынан басталған еңбек жолы бүгінде өндіріске берілген адал ғұмырға ұласты. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі, жауапкершілігі мен кәсібіне деген құрметі әріптестері арасында үлкен бедел қалыптастырды. Ұжымда сыйлы маман, жастарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер және өз ісіне адал еңбек адамы ретінде танылған.
Кен бақылаушы мамандығы өндірістегі маңызды буындардың бірі болса, осы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген жандардың қатарында Әлия Бегисламқызының орны бөлек. Сан жылдық тәжірибесі мен тынымсыз еңбегі арқылы өндірістің тұрақты жұмысына үлес қосып қана қоймай, кейінгі буынға үлгі болып келеді. Оның өмір жолы еңбекке адалдық пен кәсіби шеберлік қатар жүргенде ғана нағыз маман қалыптасатынын дәлелдейді.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
