Сапалы жол – халықтың басты тілегі  

«Жолдың жайын жүрген біледі» дейді дана қазақ. Бұл сөздің астарында талай жылдық тәжірибе, талай сапардың машақаты жатыр. Жол – елді елмен, ауылды ауданмен, ауданды облыс орталығымен жалғайтын күретамыр. Оның сапасы – тұрғындардың күнделікті тұрмысына, шаруаның жұмысына, көліктің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе.

Өңірімізде соңғы жылдары автомобиль жолдарын жөндеу мен жаңғырту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Жолдар жаңартылып, жекелеген учаскелерде орташа жөндеу жүргізілуде. Дегенмен, жол мәселесі толық шешілді деуге әлі ерте.

Бұл мәселе Қаражал өңіріне де қатысты. Әсіресе, Қаражал, Жәйрем және Атасу бағытындағы жолдың жағдайы тұрғындардың назарында. Өйткені, бұл – елді мекендер арасындағы қатынас үшін ғана емес, облыс орталығына, көршілес өңірлерге қатынайтын жүргізушілер үшін де маңызды бағыт.

 Қаражал–Атасу жолындағы жұмыс қай деңгейде?

Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында «Қаражал–Атасу» автомобиль жолын қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары туралы ақпарат берген болатын. Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта автомобиль жолының 0–28 шақырым аралығында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл учаскедегі жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Ал жолдың 118-179 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары басталған. Жалпы ұзындығы 61 шақырымды құрайтын бұл учаскенің биыл 25 шақырымы пайдалануға берілуі көзделген. Қалған жұмыстарды толық көлемде 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Қағаз жүзінде қарасаңыз, жоспар бар, мерзім бар, жұмыс жүріп жатыр. Бұл, әрине, жақсы жаңалық. Бірақ, жолмен күн сайын жүріп жүрген тұрғын үшін мәселенің екінші жағы бар.

Жолдың бүгінгі жағдайы жұртшылықты алаңдатады

Қаражалдан Атасуға, одан әрі облыс орталығына немесе Қарағандыға қатынайтын тұрғындар бұл жолдың қазіргі жағдайын жақсы біледі. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, кейбір учаскелерде жолдың ауырлығы әлі де сезіледі.

Жолдың жөнделіп жатқаны тұрғындарға үміт сыйлағанымен, көпшілікті алаңдататыны – жұмыстардың қашан толық аяқталып, бағыттың қауіпсіз әрі жайлы жолға айналатыны. Себебі, бұл жолды күн сайын жұмыс бабымен, емханаға және басқа да қажеттілікпен қатынайтын тұрғындар, сондай-ақ, тасымалдаушылар мен жүк көліктерінің жүргізушілері пайдаланады.

Жолдың жағдайы қала басшысының да тұрақты назарында. Қала әкімі Айқын Елеусізов қоғамдық кеңес мүшелері және депутаттармен бірге аталған бағыттағы жұмыстардың барысын жиі бақылап, мердігерлерге нақты тапсырмалар беріп келеді. Тұрғындардың әлеуметтік желідегі пікірлері мен тікелей жолданған өтініштері де назарға алынып, жол сапасына қатысты мәселелердің шешілуі қадағалануда.

Жұртшылықтың тілегі – жөндеу жұмыстары сапалы аяқталып, бұл бағыттағы жолдың тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы болуы.

 Жөндеу жұмыстарының барысы қандай?

Жолдағы жұмыстардың жайын нақтылау мақсатында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Ұлытау облысы бойынша филиалына хабарласып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат сұраттық.

Филиал мамандары ұсынған мәліметке сәйкес, Жәйрем–Қаражал–Атасу бағытының 118–179 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұсынылған ақпаратта құрылыс жұмыстары 2026–2028 жылдарға жоспарланғаны көрсетілген.

Сонымен қатар, 2026 жылы жұмыстардың қарқынды жүргізілуіне байланысты жоспарланған құрылыс жұмыстарының шамамен 60 пайызы аяқталатыны, ал қалған 40 пайызын 2027 жылы орындау көзделіп отырғаны айтылған.

Жол жөндеу жұмыстарын «Арқа-Құрылыс-2009» ЖШС жүргізуде. Техникалық қадағалауды «Нұрай Сервис» ЖШС жүзеге асырады. Бұл – бізге ресми түрде жолданған жауаптағы ақпарат.

61 шақырым – аз жол емес

Жалпы ұзындығы 61 шақырым болатын жол учаскесінің жөнделуі өңір тұрғындары үшін маңызды өзгеріс әкелуі тиіс. Алайда, құрылыс жұмыстары белгілі бір кезеңді талап етеді. Жол жөндеу кезінде техника қозғалысы, уақытша шектеулер, айналма жолдар мен қолайсыздықтар болуы мүмкін. Мұның бәрін жүргізушілер түсінеді. Бірақ, түсіністікпен қатар, тұрғындардың көкейінде заңды сұрақ та бар: жұмыс белгіленген мерзімде және талапқа сай аяқтала ма?

Бұл жерде мәселе тек мерзімде емес. Жолдың сапасы бірінші орында тұруы керек. Себебі, бүгін жасалған жол бірнеше жылдан кейін қайта жөндеуді қажет етпесе ғана оның тиімділігі артады. Сондықтан, жол құрылысының әр кезеңінде сапаға, технологиялық талаптардың сақталуына, пайдаланылатын материалдарға және орындалған жұмыстың беріктігіне мән берудің маңызы зор. Жол – өңірдің дамуына әсер ететін фактор. Қаражал өңірі үшін сапалы жолдың маңызы ерекше. Қаланың облыс орталығымен және басқа елді мекендермен байланысы ең алдымен автомобиль жолдары арқылы жүзеге асады. Жол жақсы болса, жолаушы да, кәсіпкер де, тасымалдаушы да ұтады. Өнімді тасымалдау жеңілдейді, көліктің шығыны азаяды, уақыт үнемделеді. Ал жолдың жағдайы нашар болған кезде оның кері әсері бірден сезіледі. Көлікке түсетін салмақ артады, жол жүру уақыты ұзарады, жүргізушілердің алаңдаушылығы көбейеді. Сондықтан, «Қаражал–Атасу» бағытындағы жөндеу жұмыстары – бір ғана жолдың мәселесі емес, тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық тынысына әсер ететін жоба.

Елдің күткені – сапалы жол

Қазір тұрғындардың күткені – жөндеу жұмыстарының аяқталуы ғана емес, сапалы жолдың пайдалануға берілуі. Жоспар бойынша 118–179 шақырым аралығындағы жұмыстардың негізгі бөлігі 2026 жылы атқарылып, қалғаны 2027 жылы аяқталуы тиіс. Ал 0–28 шақырым аралығындағы қайта жаңғырту жұмыстарының 2026 жылдың соңына дейін бітуі жоспарланған. Ендігі мәселе – осы жоспарлардың нақты нәтижеге айналуы.

Жол жөндеу – көзге көрінетін жұмыс. Техника жолда тұр, жұмысшылар еңбек етіп жатыр, жаңа жабын төселуде. Бірақ, оның шынайы бағасын уақыт береді. Жол бірнеше жыл өткеннен кейін де өз сапасын сақтай алса, сол кезде ғана атқарылған жұмыстың нәтижесі туралы толық айтуға болады. Қаражал жұрты да дәл сондай жолды күтеді. Көлік жүргізушісі үшін жолдың тегістігі ғана емес, қауіпсіздігі маңызды. Жолаушы үшін діттеген жеріне алаңсыз жету маңызды. Ал тұрғын үшін туған өңірінің басқа елді мекендермен сенімді байланыста болғаны маңызды. Сондықтан, жол құрылысына қатысты әрбір жоспар мен әрбір мерзім тұрғындардың назарында.

Түйін

Иә, жол жөнделіп жатыр. Иә, нақты жобалар бар. Иә, жұмыстардың аяқталу мерзімі белгіленген. Бірақ, халық үшін ең маңыздысы – осы жұмыстардың сапалы аяқталып, жолдың қалыпты әрі қауіпсіз жағдайға түсуі. «Жолдың жайын жүрген біледі» деген сөздің мәні де осында. Жолды оның бойымен күн сайын жүретін адам бағалайды. Қаражал–Атасу бағытындағы көптен күткен жаңарған жолдың игілігін көретін күн де алыс болмаса керек. Ол үшін жоспарланған жұмыстардың сапалы орындалып, белгіленген мерзімдердің сақталуы маңызды. Ендеше, бүгінгі жөндеу жұмыстары ертеңгі сапалы жолға айналсын. Қаражал өңірі жұртының күтетіні де – осы.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ