Қаражал қаласында «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігінде «Тәлімгерлік мектебі» жобасы аясында оқу курсы өтті. Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Қаражал тау-кен техникалық колледжінің әлеуметтік серіктесі «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігінің өндірістік алаңында кәсіпорын тәлімгерлеріне арналған екі күндік оқу курсы ұйымдастырылды.
Оқытуға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейтін, дуалды оқыту жүйесіне қатысушы кәсіпорынынан 28 өкілі қатысты.
Оқу курсын Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының экономикалық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары, жаттықтырушы–мультипликатор Маржан Жауен жүргізді. Курс барысында қатысушыларға дуалды оқытудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері мен негізгі міндеттері, жұмыс орнында оқытудың педагогикалық негіздері, оқыту технологиялары, әдістемелік тәсілдер мен құралдар, жұмыс орнында оқытуды жоспарлау және ұйымдастыру, өндірістік оқыту жоспарын әзірлеу, сондай-ақ, жастардың мотивациясы, жас ерекшелік психологиясы және тиімді коммуникация негіздері бойынша практикалық әрі теориялық ақпарат берілді. «Тәлімгерлік мектебінің» басты мақсаты – кәсіпорындардағы тәлімгерлердің кәсіби және педагогикалық құзыреттерін арттырып, жұмыс орнында сапалы оқыту жүйесін қалыптастыру.
Жоба аясындағы оқыту кәсіпорын тәлімгерлеріне білім алушылармен тиімді жұмыс жүргізудің заманауи әдістерін меңгеруге және дуалды оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар алған білімдерінің тәжірибелік маңыздылығын атап өтіп, қысқа мерзім ішінде жұмыс барысында қолдануға болатын жаңа әдістер мен тәсілдерді меңгергендерін жеткізді. Оқыту нәтижесінде қатысушыларға сертификаттар беріліп, ҚР ҰКП жанындағы тәлімгерлер тізіліміне енгізілді. «Тәлімгерлік мектебі» жобасы алдағы уақытта да өңірдегі дуалды оқытуға қатысушы кәсіпорындардың тәлімгерлерін даярлау және олардың кәсіби құзыреттерін арттыру бағытында жалғасын табады.
Өз тілшімізден.
