Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу, олардың құқықтық мәдениетін арттыру және мемлекетіміздің негізгі діңгегі саналатын «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда кеңінен дәріптеу – бүгінгі күннің ең басты да маңызды міндеттерінің бірі. Ел болашағының жарқын болуы, ұрпақтың бойына отаншылдық сезім мен жауапкершілікті ұялату тікелей мектеп қабырғасынан бастау алады.
Осы орайда Қаражал қаласындағы № 1 Тірек мектебінде айтулы, тарихи әрі салтанатты оқиға орын алды. Қала тарихында тұңғыш рет мектеп қабырғасында «Жас сақшы» деп аталатын кадет сыныбы құрылып, оған қоса Әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров атындағы заманауи оқу кабинеті салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ауқымды шараға Ұлытау облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Сапар, Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, полиция ардагерлері, мектеп ұжымы, оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты. Алғашқы құттықтау сөзді алған қала әкімі Айқын Қылышұлы бұл бастаманың жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар берудегі маңызын атап өтіп, кадеттерге ақ жол тіледі. Бұдан кейін сөз алған полиция полковнигі Бауыржан Сапарұлы жас сақшылардың қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін түсінуі өте маңызды екенін жеткізді. Салтанатты шара Қаражал қаласы полиция бөлімінің жеке құрамы мен жас кадеттердің саптық түзелуімен басталды. Сапты реттеп, дайындықты баяндау үшін Қаражал қаласы полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мәжит Жарылғапов Ұлытау облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Сапарға баянат берді. Жаңадан ашылған кадет сыныбына Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарында қарапайым қызметкерден бастап Ішкі істер министрінің бірінші орынбасарына дейінгі еңбек жолынан өткен білікті басшы, дарабоз тұлға, Әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровтың есімі берілді. Рүстем Есімханұлы – 20-дан астам ғылыми мақалалардың авторы, «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ресей Жаратылыстану ғылыми академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі ретінде елге кеңінен танымал болған тарихи тұлға. Осындай ұлы азаматтың есімін кадет сыныбына беру – оқушыларға үлкен жауапкершілік жүктеп, оларды адалдық пен отаншылдыққа тәрбиелеуге зор ықпал етеді. Шараның ең толқынысты әрі жауапты кезеңі – «Ант қабылдау» рәсімі болды. Салтанатты антты қабылдауды подполковник Мәжит Жарылғапов жүргізді. Ортаға шыққан жас кадеттер ел алдында, ұстаздары мен ата-аналарының көз алдында Отанға адал болуға, мектеп тәртібін сақтауға, білімге ұмтылуға және болашақта ел қауіпсіздігін қорғауға салтанатты түрде уәде берді. Бұл сәт әрбір жас сақшының жүрегінде өшпес із қалдырғаны анық. Ант қабылдау рәсімінен кейін мектептің өнерлі оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Жас кадеттер әскери шеберліктерін танытып, автоматты уақытқа бұзып-жинақтау көрінісін шебер көрсетсе, жас сақшы Ұлықбек Балкенов Нұрғиса Тілендиевтің әйгілі «Әлқисса» күйін орындап, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді. Кадет сыныбының ашылуына және жас полиция қызметкерлерін даярлау ісіне үлес қосқан бірқатар азаматтар Ұлытау облысы Полиция Департаменті бастығының Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова, № 1 Тірек мектебінің директоры Жұмакүл Ахметова, мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Роза Сауғанбаева, «Жас сақшы» кадет сыныбының жетекшісі Нүркен Сарсекеев, демеушілік көмек көрсеткен «Karazhal Operating» ЖШС бас инженері Рауан Әбікен болды. Сонымен қатар, үздік өнерімен, сабақтағы үлгілі тәртібімен көзге түскен 18 жас сақшы арнайы марапаттарға ие болып, Полиция департаменті бастығының атынан арнайы дайындалған сыйлықты қабыл алды. Салтанатты жиынның екінші бөлігі мектептің № III ғимаратында орналасқан жаңа оқу кабинетінің ашылуымен жалғасты. Кабинеттің салтанатты лентасын Ұлытау облысы Полиция Департаменті бастығы Бауыржан Сапар мен қала әкімі Айқын Елеусізов кесті. Ашылған кабинет барлық заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Сыныпта интерактивті құралдар: мультимедиялық жабдықтар мен заманауи оқыту технологиялары, құқықтық тәртіп бойынша оқу әдебиеттері, арнайы полиция құралдарының макеттері, Қазақстан Республикасының Халық қаһармандарына, бейбіт күннің батырларына және генерал-майор Рүстем Қайдаровқа арналған ақпараттық тақталар қойылған. Кабинетті аралау барысында кадеттер сөз алып, өздеріне артылған үлкен сенімді ақтайтынын, тәртіп пен заңдылықты әрдайым биік ұстайтынын айтып, ұстаздары мен демеушілерге алғыс білдірді. «Жас сақшы» кадет сыныбының ашылуы – тек мектеп ішіндегі шара емес, бүкіл қала үшін маңызы зор оқиға. Бұл бастама жастар арасында полиция мамандығының беделін арттыруға, құқық қорғау органдарына болашақта білімді де мотивациясы жоғары жастарды тартуға бағытталған. Бұл күн № 1 Тірек мектебінің тарихында алтын әріптермен жазылып, болашақ сақшылардың үлкен өмірге жасаған алғашқы сәтті қадамы болды.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
