Ұлытау облысында елді мекендерді табиғи газбен қамту бағытындағы ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Соның бірі – Жәйрем кенті мен Қаражал қаласын газдандыруға арналған ірі жоба. Жоба толық іске асқан жағдайда тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да жаңа мүмкіндік бермек.
Газдандыру жұмыстары «Газ тасымалдау жүйесін дамыту» 036 бағдарламасы аясында жүргізілуде. 2024 жылы «Жәйрем» газ құбыры-тармағы мен автоматтандырылған газ реттеу станциясын (АГРС), сондай-ақ, Жәйрем кенті мен Қаражал қаласының газбен жабдықтау желілерін салу» жобасы әзірленген. Жоба ауқымды. Ол бір ғана елді мекеннің ішкі желілерін жүргізумен шектелмейді. Негізгі міндет – газды Жәйремге жеткізіп, одан әрі Қаражал қаласына тасымалдауға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды қалыптастыру және елді мекендердің ішіндегі газ тарату желілерін салу. Жоба бойынша шарттардың құны, қосылған құн салығының 16 пайызға қайта есептелуін ескере отырып, 17 млрд 915 млн 110 мың теңгені құрайды. Қаржыландыру бірнеше жылға жоспарланған. Атап айтқанда, 2025 жылы – 3 млрд 462 млн 669 мың теңге, оның ішінде облыстық бюджеттен 230 млн теңге, Ұлттық қордан 3 млрд 232 млн 669 мың теңге, 2026 жылы – 3 млрд 943 млн 188 мың теңге, оның ішінде облыстық бюджеттен 200 млн 150 мың теңге, Ұлттық қордан 3 млрд 743 млн 38 мың теңге, 2027 жылы – 10 млрд 509 млн 252,5 мың теңге қарастырылған. Бүгінде жоба аясында 6 млрд 20 млн 588 мың теңге игерілген. Оның 2 млрд 557 млн 919 мың теңгесі 2026 жылы игеріліп отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Алия-Сервис» ЖШС жүргізуде. Жұмыс 2025 жылдың сәуір айында басталған. Газдандыру жұмыстары Жәйрем кентінен бастау алды. Кент бойынша жұмыстардың жалпы құны 3 млрд 269,56 млн теңге шамасында. Жобаға сәйкес, газбен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 226,185 шақырымды құрайды. Бұл – елді мекендерді газ инфрақұрылымымен қамту үшін атқарылатын жұмыстың ауқымын айқын көрсететін көрсеткіш. Қазіргі уақытта бірқатар шағын аудандарда желілерді төсеу жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, «ГРЭ» және «Дачи» шағын аудандарындағы газбен жабдықтау желілерін жүргізу жұмыстары аяқталды. «ГРЭ» шағын ауданында Керуен, Мерей, Первооткрывателей, Жандосов, Жұбанов, Геологиялық, Орталық, Береке көшелері қамтылған. Ал «Дачи» шағын ауданында Жібек жолы, Тұран, Болашақ, Шаңырақ, Қайнар, Сарыарқа және Алаш көшелерінде газ желілері жүргізілді. Сонымен бірге, Жәйремнің бірқатар көшелерінде де газ құбырлары тартылды. Мәселен, Горняков, Шынтуринов, Уәлиханов, Қазақстан, Мұстафин, Сәдуақасов, Бауыржан Момышұлы және Нұрмағамбетов көшелері газдандыру жұмыстары жүргізілген аумақтардың қатарында. Осы аталған шағын аудандар мен көшелер бойынша барлығы 32,285 шақырым газ желісі тартылған.
Бұл көрсеткіш – газдандырудың қағаз жүзіндегі жоба емес, нақты құрылыс жұмыстарына ұласқанын көрсетеді. Қазірдің өзінде елді мекен ішінде газ желілерінің едәуір бөлігі салынған. Жәйремдегі ішкі желілермен қатар, қазіргі таңда жобаның аса маңызды бөлігі – «Жәйрем–Қаражал» магистральдық газ құбырын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл құбыр екі елді мекенді газ инфрақұрылымымен байланыстыратын негізгі күретамыр болмақ. 2026 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша «Жәйрем–Қаражал» газ құбырында 33,7 шақырым құбыр төселген. Магистральдық желінің құрылысы аяқталғаннан кейін газды Қаражал қаласына жеткізуге қажетті инфрақұрылым қалыптасады. Яғни, Жәйремдегі тарату желілерінің салынуы мен Қаражалға қарай жүргізіліп жатқан магистральдық құбыр – бір-бірімен тығыз байланысты жұмыстар. Табиғи газдың елді мекендерге жетуі ең алдымен тұрғындардың тұрмысына оң әсер етеді. Қатты отын пайдаланатын үйлер үшін газға көшу – отын дайындау, сақтау, көмір тасу секілді күнделікті ауыртпалықтарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, газдандыру қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға, елді мекендердің санитарлық-экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Жеке тұрғын үйлермен бірге әлеуметтік және коммуналдық нысандарды газбен қамтамасыз ету де маңызды. Жәйрем мен Қаражал үшін бұл жобаның маңызы бұдан да кең. Кен өндірісімен тарихы тығыз байланысты қос елді мекен үшін инженерлік инфрақұрылымның жаңаруы – аумақтың болашақ дамуына қажетті алғышарттардың бірі. Газ құбырының тартылуы тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, елді мекендердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға сеп болады. Газдандыру – ауқымды әрі көп кезеңді жұмыс. Оның ішінде магистральдық құбыр тарту, автоматтандырылған газ реттеу станциясын салу, елді мекенішілік желілерді жүргізу және кейін абоненттерді газға қосу секілді бірнеше маңызды кезең бар. Бүгінде Жәйремдегі бірқатар аумақта газ желілерінің тартылып, «Жәйрем–Қаражал» магистральдық құбырының 33,7 шақырымында құрылыс жұмыстарының орындалуы – жобаның нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Ал алдағы кезеңде құрылыс қарқынын сақтап, жоспарланған жұмыстарды толық аяқтау – негізгі міндет. Жобаға бөлінген қаржының басым бөлігі 2027 жылға жоспарланған. Бұл алдағы жылы газдандыру жұмыстарының негізгі көлемін орындауға мүмкіндік беретін кезең болмақ. Жәйремнің көшелерінде жер астына тартылып жатқан газ құбырлары – елді мекеннің ертеңіне жасалған инвестиция. Ал алыстан Қаражалға қарай созылып жатқан магистральдық желі – екі шаһардың жаңа инженерлік жүйеге қосылуының белгісі. Жәйремнен басталған газдандыру жұмыстары Қаражалға қарай жалғасып келеді. Жобаның түпкі мақсаты – табиғи газды тұрғындардың үйлеріне жеткізіп, елді мекендердің тұрмыс сапасын арттыру
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
