Кеншілер қаласындағы қуанышты оқиға

Тарихы кен өндірісімен біте қайнасып, талай буынның қажырлы еңбегімен қалыптасқан Қаражал шаһары биылғы кеншілердің кәсіби мерекесін ерекше қуанышпен қарсы алды. Қала әкімдігі мен «Өркен» ЖШС арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумы аясында қысқа мерзімде жаңа кейіпке енген, өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға – Платон Кляцкий атындағы сквер салтанатты түрде ашылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Бұл игі бастама – өткенге деген шексіз тағзым мен заманауи дамудың алтын көпіріндей жарқын көрініс тапты.

Бұл маңызды шараға қала тұрғындары, қадірлі еңбек ардагерлері, өндіріс саласының майталмандары, жастар мен қоғам белсенділері жиналып, шаһардың ортақ қуанышына жүрекжарды ризашылықпен ортақтасты.

Салтанатты жиында Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов тұрғындарды мерекемен құттықтап, осындай маңызды жобалардың қаланың ажарын ашудағы маңызына ерекше тоқталды.

  • Бүгінгі ашылып отырған сквер – қаламыздың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі. Бұл жерде аға буын демалып, жастар уақытын тиімді өткізіп, балалардың шат күлкісі естілсе – біздің мақсатымыздың орындалғаны, – деп атап өтті қала басшысы.

Мереке шырайын кіргізген қуанышты сәттердің бірі – қала әкімі мен «Өркен» ЖШС бас директоры Махмут Мустафин жаңа демалыс орнының лентасын салтанатты түрде қиюы болды.

Сондай-ақ, Қаражал қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, саябақ орналасқан көшенің тұрғыны Владимир Полищук барша жұртшылық атынан алғысын білдіріп, жүрекжарды ақ тілегін жеткізді.

Жаңа сквердің аумағы қаражалдықтардың жанға жайлы серуендеуі үшін барлық талапқа сай жабдықталған. Серіктестік пен әкімдіктің бірлескен жұмысының нәтижесінде қысқа мерзімде бой көтерген заманауи сәулеттік шешімдер, көріктендірілген жасыл желектер мен сапалы жарықтандыру жүйесі шаһардың орталығына ерекше сән беріп тұр.

Әсіресе, кешкі уақытта жанатын түрлі-түсті жарық шамдары бұл орынды қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналдырды.

Ашылу салтанаты қала өнерпаздарының әсем әндерімен жалғасып, көпшілікке ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Үлкен экраннан көрсетілген Қаражалдың көрікті көріністері тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімін асқақтата түсті. Кештің шырайын «Las Vegas Band» тобының әсерлі өнері кіргізіп, жиналған қауымға ұмытылмас қуаныш сыйлады.

Бұл сквер – жай ғана абаттандырылған аумақ емес, қаламыздың тарихы мен бүгінгі келбетін жарасымды ұштастырған жаңа қоғамдық кеңістік.

Өзара ынтымақтастықтың жемісі болған мұндай бастамалар Қаражалдың күн санап көркейіп, тұрғындар үшін қолайлы мекенге айналып келе жатқанын айқын көрсетеді. Туған жердің өсіп-өркендеуіне бағытталған осындай игі істер жалғасын тауып, жаңа сквер қала тұрғындарының сүйікті демалатын, ерекше ықыласпен келетін орнына айналары сөзсіз.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ