«Таза Қазақстан» – әрбір азаматтың өмір салты

Қаражал қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті игі бастама жүзеге асырылды. Қала тұрғындары мен белсенділер «Таза бейсенбі» тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, шаһардың экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлестерін қосты.

Бұл жолғы экологиялық шараның басты бағыты – шыға беріс аркадан полигонға дейінгі автокөлік жолының екі шетін тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан толықтай тазарту болды.

Бұл тазалау шарасына қала әкімдігінің қызметкерлері, түрлі мекеме қызметкерлері, еріктілер және саналы жастар мен қала тұрғындары жұмыла қатысты. Қатысушылардың басты мақсаты – қаланың кіреберіс және сыртқы аумақтарының эстетикалық көрінісін жақсарту, сондай-ақ, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

Шараға қатысқан әрбір азамат тазалық жұмыстарына зор жауапкершілікпен қарап, туған қаласының тазалығы үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды.

«Таза Қазақстан» акциясы тек бір күндік науқан емес, ол – әрбір саналы азаматтың өмір салтына айналуы тиіс маңызды үдеріс. Қаражал қаласында тұрақты түрде өткізіліп жатқан осындай игі істер тұрғындардың экологиялық санасын оятып, табиғатқа деген жанашырлық сезімін арттыра түсетіні анық.

  • Туған жердің тазалығы – бәрімізге ортақ міндет. Әрбір тұрғын өз ауласының, көшесі мен қаласының тазалығына бей-жай қарамаса, қоршаған ортамыз да күн санап түлеп, көркейеді, – дейді шараға қатысушы белсенділер.

Тазалық жұмыстарының соңында қаланың сыртқы келбеті едәуір жақсарды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай экологиялық акциялар жалғасын табатынын және қаламызды таза ұстау бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілетінін атап өтті.

Туған қаланың тазалығы мен көркейюі жолында атқарылған бұл еңбек көпшілікке үлгі болары сөзсіз.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ