Денсаулық сақтау саласын дамытудағы жаңа міндеттер

Қазіргі таңда мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың салиқалы саясаты мен нақты бастамаларына негізделіп келеді. Мемлекет басшысының Жолдауларында елдің әрбір саласын жаңғыртуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды міндеттер айқындалуда.

Осы орайда денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру – денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің алдында тұрған маңызды бағыттардың бірі.

Бүгінде медицина саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа технологияларды тиімді пайдалану медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Цифрлық шешімдер медициналық ұйымдардың жұмысын жетілдіріп, пациенттерге көрсетілетін көмекті тиімді ұйымдастыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар, медицина ұйымдарының қызметі туралы ақпараттың халыққа ашық әрі қолжетімді болуы азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерден хабардар болуына ықпал етеді.

Қаражал қаласының денсаулық сақтау саласында да Президент Жолдауында қойылған міндеттерді орындау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындардың денсаулығын жақсарту, аурулардың алдын алу және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту басты басымдықтардың қатарында.

Аурулардың алдын алу мақсатында профилактикалық шараларға және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, дер кезінде жүргізілген профилактикалық жұмыстар көптеген аурулардың алдын алуға және халықтың денсаулық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Саладағы тағы бір маңызды бағыт – кадрлық әлеуетті нығайту. Медициналық мамандардың біліктілігін арттыру, заманауи құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану және медициналық көмекті ұйымдастыру деңгейін жетілдіру арқылы тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеру көзделуде.

Денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы халыққа сапалы, қолжетімді және дер кезінде медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Мемлекет басшысы Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру арқылы денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру – елдің тұрақты дамуының маңызды кепілі.

Асан КАБУЛОВ,

«Қаражал қаласының орталық ауруханасы» КМҚК директоры