Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда атааналардың басты міндеттерінің бірі балаларын мектепке толық дайындау екені белгілі. Әсіресе, көп балалы және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар үшін бұл кезең қосымша шығын мен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осындай сәтте қоғамдағы жанашырлық пен қамқорлықтың жарқын көрінісіне айналған қайырымдылық шараларының маңызы ерекше.
Биыл да «Өндіріс волонтерлері» тобы дәстүрлі «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып, жаңа оқу жылын қарсы алуға дайындалып жүрген ондаған баланың қуанышына себепші болды.
Акция барысында 50-ге жуық оқушыға мектеп формасы, спорттық киім, аяқ киім, рюкзактар мен оқу құралдары сатып алынды. Ең бастысы, балалар өздеріне қажетті заттарды өздері таңдап алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл олардың көңілін көтеріп қана қоймай, жаңа оқу жылына деген құлшынысын арттырды.
Оқу құралдарын тарату сәттері ерекше әсерге толы болды. Бірі өзіне ұнаған сөмкені таңдаса, енді бірі жаңа аяқ киімін киіп көріп, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнады. Балалардың шынайы қуанышы мен күлкісі еріктілер еңбегінің жемісті болғанын айқын көрсетті.
Акцияға қатысқан көп балалы жалғызбасты ана Маржан үшін мұндай қолдау үлкен демеу болды.
– Бірнеше баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана ретінде мектепке дайындықтың қаншалықты қиын екенін жақсы білемін. Әр баланың киімі, аяқ киімі, оқу құралдары қажет. Барлығын бір уақытта алып беру оңай емес. Бүгін балаларымның өздеріне ұнаған заттарды таңдап, мәз болғанын көргенде көңілім толқыды. Осындай игі іс ұйымдастырып жүрген азаматтарға шынайы алғысымды айтамын. Бұл тек материалдық көмек емес, біздің отбасымызға көрсетілген үлкен қамқорлық пен қолдау деп білемін, – деді ол.
Шара барысында балалардың көтеріңкі көңіл-күйі айналасындағыларға да ерекше әсер етті. Солардың бірі – мектеп оқушысы Айдана.
– Маған бүгінгі күн өте ұнады. Өзіме ұнаған рюкзакты, дәптерлер мен қажетті құралдарды таңдадым. Жаңа аяқ киім де алдым. Мектепке баруға деген ынтам одан сайын артты. Бізге қуаныш сыйлаған аға-әпкелерге үлкен рақмет, – деді Айдана.
Балалардың риясыз қуанышы мен ата-аналардың алғысы еріктілерге де жаңа серпін береді. Акцияны ұйымдастыруға белсене қатысқан Мақпал Тулебаеваның айтуынша, бастаманың мақсаты тек қажетті заттарды сатып алып беру емес.
– Біз үшін ең бастысы — балалардың өздерін бақытты сезінуі. Әр оқушы жаңа оқу жылын сеніммен бастап, қатарларынан қалмай білім алу мүмкіндігіне ие болуы керек. Сондықтан, әріптестерімізбен бірге қолымыздан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз. Бұл шараға қаржылай қолдау білдірген жандар да, мектеп формалары мен аяқ киімдерін әкеліп берген азаматтар да аз болған жоқ. Осындай бірліктің арқасында көптеген баланы қуанта алдық. Қайырымдылық — адамдарды жақындастырып, жүректерді біріктіреді, — дейді ерікті.
Игі бастамаға атсалысқан волонтер Бақыт Домебаева да мұндай акциялардың тәрбиелік әрі әлеуметтік маңызына тоқталды.
– Бала үшін кейде кішкентай ғана сыйлықтың өзі үлкен бақытқа айналады. Бүгін соның куәсі болдық. Жаңа сөмкесін құшақтап, қуаныштан көздері жайнап тұрған балаларды көргенде барлық еңбектің ақталғанын сезінесің. Мұндай акциялар жас ұрпаққа қоғамның оларды әрдайым қолдайтынын, қиын сәтте жанынан табылатынын көрсетеді. Бұл олардың өмірге деген сенімін нығайтып, болашаққа үмітпен қарауына ықпал етеді, — дейді ол.
Айта кету керек, қайырымдылық шарасы тек қаржылай қолдаумен шектелген жоқ. Еріктілер мектепке қажетті киім-кешек пен аяқ киімдерді де табыстап, акция аясын кеңейтті. Қолдау білдірген әрбір жан балалардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуына өз үлесін қосты.
Осындай игі іске өндіріс ұжымдарының қызметкерлері, белсенді азаматтар мен жомарт жандар жұмыла атсалысты. Бірі қаржылай көмек көрсетсе, енді бірі мектеп формасын немесе аяқ киім алып берді. Соның нәтижесінде ондаған отбасының мектепке қатысты шығындары жеңілдеп, балалар жаңа оқу жылына қажетті заттармен қамтамасыз етілді.
Өндіріс волонтерлерінің айтуынша, «Мектепке жол» акциясы қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Демек, балаларға қуаныш сыйлауға ниетті жандар үшін игі іске үлес қосуға мүмкіндік әлі де бар.
Балаларға арналған қайырымдылық акциясымен қатар, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өз қызметкерлерінің отбасыларына да тұрақты әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Жұмыс беруші мен Кәсіподақ ұйымы арасындағы Ұжымдық келісімшарт аясында жаңа оқу жылы қарсаңында көп балалы отбасыларға арнайы материалдық көмек берілді.
Ұжымдық келісімшарт талаптарына сәйкес көп балалы отбасылардағы 18 жасқа дейінгі әр балаға, ал жоғары оқу орындары мен колледждердің күндізгі бөлімінде білім алып жүрген жастар үшін 23 жасқа дейін қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, жалғыз басты аналар мен әкелердің әр баласына да қаржылай көмек қарастырылды. Ал бірінші сынып табалдырығын аттайтын оқушыларға қосымша материалдық көмек берілді.
Бұл қолдау көп балалы қызметкерлер үшін жаңа оқу жылына дайындық кезінде елеулі көмек болды. Бұдан бөлек, көп балалы ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін 3 күндік ақылы демалыс беріледі. Бұл да еңбеккерлерге көрсетілетін маңызды әлеуметтік қолдаудың бірі.
Осындай көмекті жыл сайын алып жүрген көп балалы ана Жанар көрсетілетін қолдаудың маңызын ерекше атап өтті.
– Біз жаңа оқу жылы қарсаңында көрсетілетін осы көмекті жыл сайын асыға күтеміз. Менің сегіз балам бар, олардың біреуі биыл бірінші сыныпқа барады. Сегіз баламның әрқайсысына қомақты қаражат және мектеп табалдырығын аттайтын қызыма да қосымша қаржылай көмек берілді. Қазіргі таңда барлық заттың бағасы қымбат. Балаларды киіндіріп, оқу құралдарымен қамтамасыз ету оңай емес. Осындай кезде жұмыс орнымыз бен кәсіподақ ұйымы тарапынан көрсетілетін көмектің біз үшін маңызы өте зор, – дейді ол.
Осылайша, «Өндіріс волонтерлерінің» қайырымдылық бастамасы мен «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның әлеуметтік қолдау шаралары бір мақсатқа бағытталған. Ол – балалардың жаңа оқу жылын алаңсыз әрі көтеріңкі көңіл-күймен бастауына жағдай жасау.
Балалардың қуанышы, ата-аналардың алғысы және қоғамдағы жанашырлықтың нақты көрінісі болған бұл игі шаралар өскелең ұрпақтың жарқын болашағына жасалған маңызды қамқорлық екені сөзсіз.
Жаңа оқу жылын жаңа сөмкемен, әдемі мектеп формасымен және көтеріңкі көңіл-күймен бастаған әрбір бала үшін бұл күн ұзақ уақыт есте қалары анық. Өйткені, балалардың жүзіндегі қуаныш пен шаттық — қайырымдылыққа үлес қосқан жандар үшін ең үлкен марапат. Ал білім жолына қадам басқан әрбір балаға көрсетілген қолдау қоғамның болашағына жасалған игі инвестиция болып қала береді.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
