Жүрек жылуы – әлемді құтқарар күш

«Жүрек жылуы – әлемді құтқарар күш…» Шын мәнінде, баланың күлкісінен артық бұл дүниеде ешбір байлық жоқ. Олардың мөп-мөлдір көздеріндегі қуаныш пен шаттық – біздің әрқайсымыз үшін үлкен бақыт. Ағымдағы аптада Қаражал қаласында дәл осы балалық шақтың баға жетпес күлкісі мен шынайы сезімдеріне толы «Star Kids» атты ерекше жандарға арналған жарқын іс-шара өтті. «Мерейлі жандар» Қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен бұл шара жүректерге мейірім сеуіп, игілік пен қайырымдылықтың нағыз үлгісіне айналды.

Мұндай ауқымды әрі мазмұнды шараның жоғары деңгейде өтуіне Қаражал қаласының әкімдігі, Қаражал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімі, Қаражал қаласы білім бөлімінің «Балалар өнер мектебі», «AYAN&ARAI» кондитер студиясы, «Buketon» гүл дүкені, «Bonbonerki_Zhanerkesha» студиясы және «Керуен» кафесі бірлесіп үлес қосты.

Бұл ұйымдар мен кәсіпорындардың ортақ мақсаты – ерекше балалардың әлеуметтік ортаға белсенді түрде бейімделуіне жағдай жасап, олардың әрбір күнін мерекеге айналдыру және қоғамның назарын осындай игі бастамаларға аудару еді.

Іс-шара бағдарламасы балалардың қызығушылығын оятып, жан-жақты дамуына бағытталған түрлі қызықты шеберлік сағаттары мен танымдық ойындарға толы болды. Бұл күні әрбір бала өзінің жасырын таланттарын көрсетіп, үлкен шабытпен жұмыс істеді.

Атап айтқанда, Еркеназ ұстаздың жетекшілігімен балалар түрлі-түсті бояулар әлеміне саяхат жасап, өз қиялдарындағы ғажайып әлемді қағаз бетіне үйлесімділікпен түсірді. Сондай-ақ, «AYAN&ARAI» студиясының шебері Арайдың көмегімен әр бала өзінің тәтті тоқашын әдемілеп безендіріп, кондитерлік өнердің қыр-сырымен танысты.

«Buketon» гүл дүкенінің басшысы Айыммен бірге балалар нәзік гүлдерден әдемі гүл шоқтарын құрастырып, эстетикалық талғамдарын дамытты. Бұдан бөлек, Жанеркенің жетекшілігімен түрлі әшекейлі жүгері қалташаларын өз қолдарымен жасап шықты.

Көңілді сәттерді толықтыра түскен Еркеназ, Камила және Мадина балалардың беттеріне әдемі аквагрим салып, оларды нағыз ертегі кейіпкерлеріне айналдырып, ерекше қуаныш сыйлады.

  • Балалардың көзіндегі бақыт отын көру – біз үшін ең үлкен марапат. Әрбір бала ерекше және олар шексіз қуанышқа лайық, — дейді «Керуен» кафесінің иесі Дианар Байтасова.

Шеберлік сағаттары аяқталған соң, арнайы жайылған мерекелік дастарқан басында балалар мәре-сәре болып, бір-бірімен алған әсерлерімен бөлісті. Бұл күн тек балалар үшін ғана емес, оларды әрқашан аялап бағып отырған ата-аналар үшін де ерекше шаттық пен серпіліс сыйлады.

Балаларының қуанышын көріп риза болған ата-аналар барлық ұйымдастырушылар мен демеушілерге өздерінің шынайы жүректен шыққан алғыстарын жеткізді.

Қаражал қаласында өткен «Star Kids» іс-шарасы қайырымдылықтың, жанашырлықтың және бірлік пен татулықтың жарқын үлгісіне айналды. Мұндай игі істер ерекше жандардың өзін қоғамның толыққанды әрі бақытты мүшесі ретінде сезінуіне жол ашатын үлкен қадам болып табылады және алдағы уақытта да одан әрі жалғасын табады деген сенім ұялатады.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ