Шетелге оқуға, жұмысқа орналасуға немесе тұрақты тұруға кететін азаматтар үшін құжаттарға апостиль қою – маңызды қадамдардың бірі. Бүгінде бұл процедураны мекемелерге бармай-ақ, онлайн форматта оңай рәсімдеуге болады.
«E-Apostille» сервистік бағдарламасы Электрондық үкімет порталында тұрақты қолжетімді. Сервистің негізгі артықшылығы – өтінім беруден бастап дайын нәтижені алуға дейінгі барлық процесс қашықтан жүргізіледі.
Мемлекеттік қызметтің бұл түрі бар болғаны 1 жұмыс күні ішінде көрсетіледі, бұл әсіресе, шетелде жүрген азаматтардың уақытын айтарлықтай үнемдейді.
Пайдаланушыға электронды нысанды толтырып, оны ЭЦҚ немесе бірреттік SMS-пароль арқылы куәландыру және құжаттың сканерленген көшірмесін тіркеу жеткілікті.
Егер қызметті өкіл рәсімдейтін болса, жеке тұлғалар үшін нотариалды куәландырылған сенімхат, ал заңды тұлғалар үшін басшының қолы қойылған әрі мөрмен басылған сенімхат қосымша талап етіледі.
Мемлекеттік баж салығының мөлшері Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес әрбір құжат үшін 0,5 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. Өтініш қарастырылғаннан кейін азамат дайын электронды апостильді тікелей порталдан жүктеп алады.
Құжатты бұрмалаудан қорғау мақсатында электрондық штамптың астында eGov.kz ресми парақшасына сілтеме орналастырылады. Шетелдік уәкілетті орган осы сілтемеге өтіп, қауіпсіздік коды мен өтінім нөмірін енгізу арқылы құжаттың түпнұсқалығын бір сәтте тексере алады.
Қағазсыз процедураға өту азаматтарға да, мемлекетке де зор пайда әкеледі. Цифрлық формат қаржылық және уақытша шығындарды айтарлықтай азайтады, құжаттардың пошта арқылы тасымалдау кезінде жоғалу немесе бүліну қаупін жояды. Бұдан бөлек, процесті автоматтандыру есепке алуды жеңілдетіп, мемлекеттік органдарға түсетін салмақты азайтады.
Ажар АУБАКИР,
Ұлытау облысы Әділет департаменті коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы.
