«Қоқысты сыйлыққа айырбаста» акциясы Қаражалда кең қолдау тапты

Таза әрі жайлы орта – әрбір азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды құндылық. Тазалық сақтау тек айналаны қоқыстан арылту немесе қоғамдық орындарды көркейту ғана емес, ол – туған жерге деген құрметтің, азаматтық жауапкершіліктің және экологиялық мәдениеттің айқын көрінісі. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау әр адамның күнделікті әдетіне айналған кезде ғана қоғамда экологиялық жауапкершілік қалыптасады.

Осы мақсатта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы маңызды бастамалардың біріне айналды.

Акцияның басты мақсаты – тазалық жұмыстарын ұйымдастырумен ғана шектелмей, қоғамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгерту, әр азаматтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру. Себебі, таза көше, таза аула, таза саябақ немесе таза қала ең алдымен тұрғындардың ортақ еңбегі мен жауапкершілігінің нәтижесі.

Осы игі бастама аясында Қаражал қаласында тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Қоқысты сыйлыққа айырбаста» акциясы ұйымдастырылды.

Ерекше форматта өткен экологиялық шара тұрғындарды қоршаған ортаны тазалықта ұстауға ынталандырып қана қоймай, күнделікті өмірде қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеуге болатын қалдықтарға жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндіруге мүмкіндік берді.

Акция барысында тұрғындар белсенділік танытып, жиналған қалдықтарды арнайы қабылдау орнына тапсырып, оның орнына сыйлықтарға ие болды.

Мұндай бастама экологиялық мәселелерді халыққа қарапайым әрі түсінікті жолмен жеткізудің тиімді тәсілі екендігін көрсетті. Өйткені, қоршаған ортаны қорғау туралы айтылған сөз нақты әрекетпен ұштасқанда ғана оның тәрбиелік мәні арта түседі.

Қаражал қаласы тұрғындарының акцияға белсенді қатысуы – қала көлемінде экологиялық жауапкершілік пен ұйымшылдықтың қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Бірі ауласын тазаласа, енді бірі қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды жинайды. Осындай шағын әрекеттердің өзі біріге келе үлкен нәтижеге жеткізеді.

Тазалық – бір күндік науқан емес, күнделікті өмір салты болуы тиіс. Өзінен кейін қоқыс қалдырмау, қоғамдық орындарды таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға тастау, мүмкіндігінше қоқысты сұрыптау – әр азаматтың қоғам алдындағы қарапайым әрі маңызды міндеті.

Экологиялық мәдениет те дәл осындай қарапайым әдеттерден басталады. Бүгін табиғатты қорғауға жасалған бір қадам – ертеңгі ұрпаққа қалатын таза әрі қауіпсіз ортаның негізі. Табиғат бізге ортақ болғандықтан, оны қорғау да баршамызға ортақ міндет.

«Таза Қазақстан» акциясының мәні де осында. Бұл – тек сенбілік өткізу немесе белгілі бір аумақты тазарту емес, ел тұрғындарын туған жерге жанашырлықпен қарауға, қоршаған ортаны қорғауға және ортақ іске ұйымшылдықпен атсалысуға үндейтін кең ауқымды қоғамдық бастама.

Қаражалдағы «Қоқысты сыйлыққа айырбаста» акциясы осы мақсаттың нақты көрінісіне айналды. Әсіресе, жас тұрғындардың белсенділігі қоршаған ортаға деген немқұрайлы көзқарастың орнына жауапкершілік пен жанашырлықты қалыптастыруға болатынын көрсетті.

Туған қаламыздың тазалығы – оны мекендейтін әр адамның қолында. Сондықтан, тазалықты арнайы акция немесе науқан кезінде ғана емес, күн сайын сақтауға ұмтылуымыз қажет.

Бір тал қоқысты жерден көтеру, бір бөтелкені тиісті жәшікке тастау, біреуге тазалықтың маңызын түсіндіру – қоршаған ортаға жасалған нақты үлес.

Эко-қозғалысқа сен де қосыл – өзіңнен кейін тазалық қалдыр!

Таза қала – таза ойдан, таза ниеттен және нақты әрекеттен басталады. Қаражал тұрғындарының ауызбіршілігі мен белсенділігі осындай игі бастамалардың жалғасын табуына берік негіз болады.

Бүгінгі тазалық – ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағына қосылған үлес. Сондықтан, туған жерімізді бірге аялайық, бірге тазалайық және бірге көркейтейік

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.