Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында үгіт-насихат материалдары жиналуда

Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сайлауалды кезеңде орналастырылған үгіт-насихат материалдарын шешу жұмыстары жүргізілуде.

Бір айға созылған сайлауалды науқан кезінде облыстың барлық қала, аудан мен ауылдарында рұқсат етілген орындарға үгіт насихат материалдары ілінді. Жалпы науқан барысында өңірде 20 мыңнан астам үгіт-насихат материалы таратылды.

Сайлау аяқталғаннан кейін «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, кандидаттар мен штаб мүшелері тазалық жұмыстарына кірісті. Қалаішілік қоғамдық көліктерде орналастырылған үгіт материалдары, көшелердегі баннерлер мен өзге де ақпараттық материалдар толықтай алынып, жойылды.

«Сайлауалды науқан кезінде өңір тұрғындарына ақпарат жеткізу үшін көптеген материалдар дайындалып, белгіленген орындарға орналастырылды. Енді науқан аяқталған соң сол материалдардың барлығын жинап, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бұл – әр азаматтың міндеті», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат, «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Ақжол Құрмансейіт.