Отбасы – қоғамның ең басты құндылығы. Әке мен ананың тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы, ағайын арасындағы татулық пен өзара сыйластық – шаңырақтың шырайын кіргізіп, әулеттің абыройын асқақтататын асыл қасиеттер. Осындай өнегелі өмірімен, береке-бірлігімен кейінгі буынға үлгі болып отырған қаражалдық Сағындықовтар әулеті биылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында өздерінің көпке үлгі боларлық отбасылық құндылықтарын таныта білді.
Қаламыздың абыройын облыс көлемінде асқақтатқан Сағындықовтар әулеті байқаудың облыстық кезеңінде Бас жүлдені иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл – бір әулеттің ғана емес, Қаражал қаласының да мерейін өсірген қуанышты жаңалық. Жеңіс – кездейсоқ келген жетістік емес. Оның артында жарты ғасырдан астам уақыт бойы жарастығын жоғалтпаған отбасының берік іргесі, ата-ананың өнегесі, ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілік және туған жерге деген адал еңбек жатыр. Сағындықовтар отбасының шаңырақ көтергеніне биыл 51 жыл толып отыр. Елі «Есағамыз» деп атаған Есенбай Сағындықов пен Күләй апамыз – Қаражал қаласының сыйлы, көпке үлгі үлкендерінің қатарында. Есенбай Сағындықов 1948 жылдың 6 желтоқсанында дүниеге келген. Көлік және жол инфрақұрылымы, автомобильдер және автомобильдерді пайдалану мамандығы бойынша инженерлік білім алып, ұзақ жылдар бойы инженерлік және басшылық қызметтер атқарған. Еңбек жолында жауапкершілік пен кәсібилікті ту етіп, туған қаланың дамуына өз үлесін қосты. Бүгінде Есенбай аға – ел ағасы. Қажылық парызын өтеп, мешітпен байланысын үзбей, арабша сауатын жетілдіруді жалғастырып жүрген рухани ізденісі де кейінгі ұрпаққа өнеге. Ал Күләй апа – отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің алтын қазығы. 1953 жылдың 26 қазанында дүниеге келген Гүлзия Тоштаева бухгалтер мамандығын меңгеріп, еңбек жолында осы салада қызмет еткен. Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген аяулы ана бүгінде «Алтын алқа» иегері. Елу жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, қуанышы мен қиындығын қатар бөліскен ерлі-зайыптының ең үлкен байлығы – бала-шағасының амандығы мен ұрпағының жетістігі. Төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген Есенбай аға мен Күләй апа бүгінде 27 немере мен 2 шөберенің қызығын көріп отырған бақытты ата-әже. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, әрқайсысының өмірден өз орнын табуына жол ашқан ата-ананың еңбегі – өлшеусіз. Сағындықовтар шаңырағына бас сұққан адам ең алдымен отбасы мүшелерінің арасындағы сыйластықты, үлкенге деген құрметті, кішіге деген ізетті аңғарары анық. Сағындықовтар әулетінің басты ерекшелігінің бірі – отбасы мүшелерінің басым бөлігінің туған өңірдің өндірістік және әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосып келе жатқандығы. Сегіз баланың әрқайсысы өз саласын таңдап, кәсіби тұрғыда қалыптасқан. Бірі тау-кен саласында еңбек етсе, енді бірі білім, мәдениет, кәсіпкерлік, еңбек қауіпсіздігі және арнайы байланыс салаларында қызмет атқарып келеді. Бір әулеттен бірнеше адамның тау-кен өндірісімен байланысты мамандықтарды таңдауы да тегін емес. Қаражалдың өндірістік тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан отбасы үшін туған өлкенің дамуына үлес қосу – атадан балаға жалғасқан азаматтық парыз іспетті. Қыздары да әр саладан өз орындарын тапқан. Осылайша бір шаңырақтан тараған сегіз перзенттің әрқайсысы қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп, елге қызмет етудің өзіндік үлгісін көрсетіп келеді. Сағындықовтарды еңбекпен қатар өнерді де қадір тұтқан әулет деуге толық негіз бар. Өйткені, отбасының қыздары өнердің бірнеше бағытын қатар алып келеді. Қазақта «Өнерліге өріс кең» дейді. Сағындықовтар шаңырағында өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы да отбасындағы рухани тәрбиенің берік орныққанын аңғартады. Өндіріс пен мәдениетті, білім мен кәсіпкерлікті қатар алып жүрген бұл әулеттің басты байлығы – олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен өзара қолдауы. «Мерейлі отбасы» байқауының негізгі мақсаты да осындай отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамға үлгі боларлық шаңырақтарды насихаттау екені белгілі. Сағындықовтар отбасының өмір жолына көз жүгіртсек, байқаудың мән-мағынасына әбден лайық шаңырақ екенін аңғарамыз. Облыстық кезеңде бас жүлде алу – Сағындықовтар отбасының ұзақ жылдар бойғы еңбегі мен береке-бірлігінің лайықты бағасы. Қаражал қаласының атын облыс деңгейінде танытып, енді республикалық кезеңге жолдама алған әулеттің алдында жаңа белес тұр. Республикалық кезеңде де Сағындықовтар шаңырағының өнегесі көпшілікке ой салып, өзге отбасыларға үлгі боларына сенім мол.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

