Жыл сайын 12 тамызда аталып өтетін Халықаралық жастар күні жас буынның әлем дамуындағы рөлін айқындап қана қоймай, оларды толғандырған өзекті мәселелерге назар аударуға арналған. Бұл атаулы күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы 1999 жылы Лиссабон конференциясының ұсынысы бойынша ресми түрде бекіткен болатын.
Осы айтулы датаға орай Қаражал қаласының «Горняк» стадионында жастардың рухын көтеріп, санаға ой салатын «Сенің өмірің – сенің таңдауың» атты ауқымды мотивациялық форум ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – өмірдің әрбір сәтіне жауапкершілікпен қарауды үйрету, жастарды білімге, адал еңбекке, белсенді азаматтық ұстаным мен салауатты өмір салтына баулу. Әсіресе, «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттауға және құқықтық мәдениетті арттыруға баса назар аударылды. Рухты жиынға қала жастары, қоғам белсенділері мен құрметті қонақтар қатысып, бірлік пен жігердің үлгісін көрсетті. Форум шымылдығын Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов ашып, жастарға жүрекжарды тілегін жеткізді.
— Қай заманда да елдің жүгін арқалап, көк байрағын биікке көтеретін – жігерлі де білімді жастар. Мағжан Жұмабаев атамыз «Мен жастарға сенемін» деп осынау жас буынға шексіз сенім артып кеткен. Бүгінде білім мен ғылымда топ жарып, спорт пен өнердің биік шыңдарын бағындырып жүрген жастарымыз – баршамызға мақтаныш. Мемлекет тарапынан жас буынға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осындай сенім мен мүмкіндікті абыроймен ақтап, туған жердің өркендеуіне үлес қосу – әрбір жастың қасиетті борышы, – деп атап өтті қала басшысы. Жиында заң үстемдігі мен азаматтық жауапкершіліктің маңызы туралы Қаражал қаласы прокурорының міндетін атқарушы Сәбит Серимбетов айрықша тоқталды. Ол әр азамат өз құқықтарымен қатар міндеттерін де жетік білуі қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ, Қаражал қаласы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Қасымхан Нұрмағамбетов жастарға зиянды әдеттерден сақтану жолдары туралы құнды құқықтық ақпарат берді. Форумның ең ерекше сәттерінің бірі – арнайы мақсаттағы жасақ жауынгерлерінің көрсетілімі болды. Сарбаздар өздерінің жоғары жауынгерлік даярлығын, шапшаңдығы мен күш-қуатын паш етіп, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Бұл көрініс жастарға батылдық, тәртіп және Отанға адал қызмет ету сияқты асыл құндылықтардың маңызын айқын көрсетті. Ресми бөлім Тайжан Қалмағанбетов атындағы Ұлытау облыстық филармониясы әншілерінің орындауындағы әсем әндермен ұласты. Ал мерекенің соңы жастарға арналған көбік кеші мен заманауи би кешіне ұласты. Жарқын эмоциялар мен керемет атмосфераға бөленген жастар достарымен бірге уақыт өткізіп, Жастар күнінің ерекше қуанышын сезінді. Өмір – әр адамға берілген қайталанбас мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану – әркімнің өз қолында. Заңды құрметтеу, білімге ұмтылу, денсаулықты сақтау және мақсатқа адал болу – бүгінгі жастың басты ұстанымына айналуы тиіс. Қаражал төрінде өткен бұл шара жастарды өз болашағына сеніммен қарауға және әрбір қадамды саналы түрде жасауға үндеді. Себебі, сенің өмірің – сенің таңдауың!
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ

