Біз байланыстамыз

Ақтай мен Станционный шағын аудандарының тұрғындары үшін көптен бері шешімін таппай келген басты түйткілдердің бірі – сапалы ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығы еді. Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде бұл мәселе түпкілікті шешіліп, аталмыш аумақтарда «Beeline» ұялы байланыс желісі толықтай орнатылып, іске қосылды.

Бүгінгі таңда тұрғындар заманауи байланыс игілігін тұрақты әрі жоғары сапада пайдаланып отыр. Бұл өзгеріс аймақ тұрғындарының күнделікті тіршілігін, жұмысын және байланыс жасау мүмкіндігін айтарлықтай жақсартты. Осы қуанышты жағдайға орай, Ақтай шағын ауданының құрметті ақсақалдары арнайы барып, байланыс мұнарасының орнатылуына атсалысқан барлық жауапты тұлғаларға және ұжымға халық атынан шынайы ризашылықтарын білдірді.

«Халықтың көптен бері көтеріп келген өзекті мәселесі оң шешімін тауып, ауылымызға сапалы байланыс келді. Осындай игі іске ұйытқы болған азаматтарға және ұялы байланыс операторына ақсақалдар алқасы мен барша тұрғындар атынан шексіз алғысымызды білдіреміз», – деп атап өтті қариялар. Бұл бастама өңірдегі әлеуметтік мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанының және халық пен биліктің, кәсіпкерлердің өзара тиімді ынтымақтастығының жарқын көрінісі болып отыр.

 Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ