Медициналық ұйымға бекіту – мемлекеттік көрсетілетін қызметтің маңызды бағыты  

Халық арасында сұранысқа ие мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің бірі – «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту» мемлекеттік көрсетілетін қызметі болып табылады. Аталған қызмет Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-194/2020 бұйрығымен бекітілген Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Медициналық ұйымға бекіту – әрбір азаматтың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында қажетті медициналық көмек алуына мүмкіндік беретін маңызды қызметтердің бірі.

Азамат медициналық ұйымға бекітілгеннен кейін сол ұйым арқылы дәрігер қабылдауына жазылып, профилактикалық тексерулерден өтіп, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ала алады.

Бұл мемлекеттік қызметті медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін емханалар мен медициналық ұйымдар ұсынады.

Азаматтар медициналық ұйымға тікелей барып немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы онлайн түрде өтініш бере алады. Медициналық ұйымға барып жүгінген жағдайда қызмет 1 жұмыс күні ішінде көрсетіледі, ал электрондық үкімет порталы арқылы берілген өтініш сол күні қаралады.

Қызмет көрсету нәтижесінде азаматқа медициналық ұйымға бекітілгені туралы хабарлама беріледі. Егер заңнамада көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлар анықталса, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту себептері көрсетілген дәлелді жауап ұсынылады.

Азаматтар медициналық ұйымды өз еркімен таңдауға құқылы. Бекіту тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша жүзеге асырылады.

Әр азамат бір ғана медициналық ұйымға бекітіледі. Егер азамат жаңа медициналық ұйымды таңдаса, бұрынғы ұйымнан шығару автоматты түрде жүргізіледі.

Медициналық ұйымға қайта бекітілу азаматтың тұрғылықты немесе уақытша тұратын жері өзгерген жағдайда, медициналық ұйымды еркін таңдаған кезде, жыл сайынғы бекіту науқаны барысында, сондай-ақ, медициналық ұйым қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, кейбір азаматтарға бекілу кезінде ерекше жағдайлар қарастырылған.

Мысалы, бес жасқа дейінгі балалар ата-анасының немесе заңды өкілінің нақты тұратын жері бойынша медициналық ұйымға бекітіле алады. Жүкті әйелдер нақты тұратын жері бойынша тіркеледі. Ал басқа елді мекенде білім алып жүрген студенттер оқу орнына жақын орналасқан медициналық ұйымды таңдай алады.

Медициналық ұйымға бекіту үшін азамат жеке басын куәландыратын құжатпен өтініш береді.

Кейбір жағдайларда қосымша құжаттар қажет болуы мүмкін. Мысалы, баланың заңды өкілі, қамқоршы немесе белгілі бір әлеуметтік санатқа жататын азаматтар өз мәртебесін растайтын құжаттарды ұсынады.

Ал eGov порталы арқылы өтініш берген кезде қажетті жеке мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту тек заңда белгіленген негіздер болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Атап айтқанда, ұсынылған құжаттардағы немесе мәліметтердегі анық еместігі анықталған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушының немесе ұсынылған деректердің белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі, уәкілетті органдардың теріс қорытындысы болған кезде, сондай-ақ, заңнамада көзделген өзге де жағдайларда мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту ұсынылады.

Егер азамат мемлекеттік қызмет алу кезінде қиындықтарға тап болса, мысалы, қызмет көрсету мерзімі бұзылса, заңда қарастырылмаған құжаттар талап етілсе немесе негізсіз бас тарту орын алса, өз құқықтарын қорғауға құқылы.

Ол үшін алдымен медициналық ұйым басшысына немесе мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауға жауапты уәкілетті органдарға (ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті) шағым бере алады. Қажет болған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге мүмкіндік бар.

Медициналық ұйымға уақытылы бекіту – денсаулықты сақтаудың маңызды қадамдарының бірі. Бұл азаматтарға медициналық көмекті дер кезінде алуға, дәрігерлердің бақылауында болуға және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Динара БАКИРОВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының бас маманы.