Өнегелі өмір мен ерен еңбек шежіресі  

 Теміржол – болат рельстермен тоғысқан тағдырлардың, қажырлы еңбек пен табандылықтың мекені. Болат жолдың бойында өмір сүріп, өрнекті ғұмыр кешкен жандардың әрбір күні – ел игілігі үшін жасалған елеулі қадам. Міне, еліміздің экономикасының күретамыры болып табылатын осы бір жауапты да қастерлі саланың мерекесі де қарсаңда тұр. Теміржолшылардың төл мерекесі қарсаңында болат жолға бүкіл саналы ғұмырын арнаған, адал еңбегімен талайға үлгі болған ардақты азамат – «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» Өкілдігі жол қызметінің бастығы Олжабай Рахметовтың өмір жолы мен еңбек шежіресіне назар аударайық.

Ол 1972 жылы желтоқсанның 31-і күні қасиетті Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты бүгінгі Қожабақы ауылында дүниеге келді. Көпбалалы, берекелі шаңырақта өскен Олжабай Қуаңбайұлы 7 баланың ортасында ержетті. Әке тәрбиесі мен ана мейірімін қатар көріп өскен бұл әулеттің ұрпақтары бүгінде еліміздің әр түкпірінде, атап айтқанда Қызылорда, Жезқазған қалаларында түрлі саланың тізгінін ұстап, мемлекет дамуына үлес қосып келе жатқан абыройлы азаматтар.

Балалық пен жастық шағы өзінің туған өлкесінде өткен болатын. 1980 жылы туған ауылындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1990 жылы білім ошағын сәтті аяқтады. Мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде болашақ еңбек жолына қажетті кәсіпті меңгеріп, «механизатор» куәлігін бірге алып шыққан еді. Бұл өмірдегі алғашқы техникалық баспалдағы оның кейінгі тағдырына айтарлықтай ықпал етті.

Мектепті тәмамдаған бойда, 1990 жылы Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанады. 1990–1992 жылдар аралығында Латвия мемлекетінде, Скрунда поселкесінде әскери борышын мінсіз атқарып, елге абыроймен оралды.

Туған жерге оралған соң қарап отырмай, совхоздың тыныс-тіршілігіне белсене араласты. Еңбек кітапшасының алғашқы парақтары ауыл шаруашылығы саласынан бастау алды: тракторист болып тер төкті, ферма жұмыстарына араласты, совхоздағы күріш егу науқандарына қатысып, қарапайым жұмыстың қыр-сырын меңгерді. Одан бөлек, құрылыс саласында да екі жылдай еңбек етіп, әртүрлі жұмыстарды дөңгелетті. 1996 жылға дейін туған өлкесінде табанды түрде әртүрлі қызметтер атқарды.

1996 жыл оның өміріндегі бетбұрысты кезең болды. Сол жылы ағасының соңынан еріп, Қаражал қаласына келіп, өз тағдырын теміржол саласымен мәңгілікке байланыстырды. 1996 жылы наурыз айында «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» Өкілдігінің теміржол цехында жол жөндеуші болып қабылданды. Міне, сол сәттен бастап арада табан аудармай өткен 30 жылға жуық уақыт ішінде ол бір ғана цехтан қол үзген емес, адалдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді.

Жұмыс барысында өз ісіне тиянақтылығымен көзге түскен ол, 1998 жылы осы учаскеде бригадирлік қызметке көтерілді. Сол уақытта қарамағында 12 адам жұмыс істеп, оларға басшылық жасады.

Еңбек жолында тәжірибелі ағалары Аманбай Сағындықов пен Дәулетбай Халықовты өзіне ұстаз тұтып, олардың өнегелі жолынан тәлім алды (қазіргі таңда бұл ардагерлер құрметті демалыста).

Өз білімін шыңдауды тоқтатпаған жанкешті маман 2003 жылы Астана қаласындағы Теміржол колледжіне оқуға түсіп, «Теміржол құрылысы және жол шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алып шықты. Колледжді тәмамдаған соң білімін әрі қарай тереңдету мақсатында 2006 жылы Қарағанды политехникалық университетінің «Жол құрылысы» мамандығының сырттай бөліміне түсіп, 2010 жылы оны да сәтті аяқтады.

Кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 2006 жылы цехта жол қызметінің бастығы болып тағайындалды. Сол күннен бері бір учаскеде табанды түрде қызмет етіп, теміржолдың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына сүбелі үлес қосып келеді.

Онжылдықтар бойы атқарған ерен еңбегі мен кәсіби жетістіктері мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. 2019 жылы ол елеулі еңбегі үшін «Еңбек даңқы» орденінің III дәрежесімен марапатталды. Бұдан бөлек, әр жылдары кәсіпорын басшылығы мен салалық министрліктер тарапынан берілген сан алуан мақтау қағаздары мен алғыс хаттардың иегері атанды.

Отбасылық өмірі де еңбек жолы секілді өте мазмұнды әрі үлгілі. 1997 жылы Жаңаарқа ауданының Байғұл станциясының тумасы Күлпаш Омархановамен шаңырақ көтерді. Бүгінде олар бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсірді.

Ерекше айта кететін жайт, бұл отбасы – нағыз теміржолшылар әулеті. Отағасының жары Күлпаш Төкенқызы осы цехтың «стрелочный пост» саласында 22 жылдан бері қажырлы еңбек етіп келеді. Ал ұлдары Баймырза әке жолын қуалап, аталған цехта тепловоз машинисі болып қызмет атқаруда. Қызы Айсұлу Жезқазған қаласында тұрады. Отбасылы, екі бала тәрбиелеп, жедел жәрдем саласында елге қызмет көрсетуде.

Қазіргі таңда Рахметовтер әулеті бір кәсіпорынның үш түрлі бөлімшесінде қатар еңбек етіп, теміржол саласының дамуына өзіндік өшпес із қалдыруда.

Олжабай Рахметов – елге сыйлы маман, абзал жар, аяулы әке және еңбегімен өрнектелген өмір жолы бар нағыз ұлағатты тұлға.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ