Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Президент айқындаған басымдықтар қоғамның барлық саласын қамтып, әсіресе, білім беру жүйесіне жаңа міндеттер мен тың мүмкіндіктер жүктейді.
Қазіргі әлем қарқынды өзгерістер дәуіріне қадам басты. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект экономиканың ғана емес, білім беру жүйесінің де ажырамас бөлігіне айналып келеді. Сондықтан, бүгінгі мектептің басты мақсаты – оқушыны тек біліммен қаруландыру емес, оны өзгермелі заманға бейімделе алатын, шығармашылықпен ойлайтын, цифрлық сауатты әрі бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру.
Президент өз Жолдауында адами капиталды дамытуға ерекше тоқталды. Бұл бағытта мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру, білім беру сапасын арттыру, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді.
Қаражал қаласының білім беру жүйесі Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді іске асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қаламыздағы барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу бағдарламалары мен заманауи білім беру технологияларын тиімді пайдалана отырып, сапалы білім беруге күш салуда. Оқушылардың білім сапасын арттырумен қатар олардың функционалдық сауаттылығын, зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
2025-2026 оқу жылында білім сапасын көтеру мақсатында жоспарға сәйкес әдістемелік іс-шаралар қатары жоспарлы өткізілді. Қала мектептерінің педагогтері арасында «Педагогикалық шеберхана», «Қызық сабақ», «Педагог-волонтер», «Оқушы-педагог», «Оқушы-ата-ана-педагог» жобалары аясында іс-шаралар жоспарлы ұйымдастырылды (өткізілген іс-шара саны – 122, қатысқан оқушылар мен педагогтер саны — 3025).
Қалалық және облыстық түрлі пән олимпиадалары мен байқаулары және ғылыми жобалар ұйымдастырылды. Қала көлемінде ұйымдастырылған түрлі жарыстарға 540 оқушы қатысып, қала көлемінде 92 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Облыс көлемінде өткізілген пән олимпиадалары мен байқауларға 191 оқушы қатысып, 30 оқушы жеңімпаз атанды. Республикалық пән олимпиадасына № 7 ЖББМ 7 сынып оқушысы Ақжол Сексен Астана қаласында математикадан пән олимпиадасына қатысты. Сонымен бірге, басқа да республикалық жарыстарға білім беру ұйымдарының 8 оқушысы қатысып, түрлі орындарға ие болды.
Бүгінде білім саласында цифрлық технологияларды енгізу қарқынды жүзеге асуда. Электрондық білім беру платформалары, интерактивті оқыту құралдары, онлайн ресурстар мен цифрлық білім беру контенттері оқу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Мұның барлығы оқыту сапасын арттырып қана қоймай, әрбір оқушының жеке білім алу траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект технологияларының білім беру саласына енуі педагогтердің қызметін де жаңа деңгейге көтеруде. Мұғалімдер оқу материалдарын дайындауда, білім нәтижелерін талдауда, жеке білім беру бағыттарын анықтауда цифрлық құралдарды кеңінен қолдануда. Бұл өз кезегінде уақытты тиімді пайдалануға, оқушылардың білім деңгейін нақты бағалауға және оқыту сапасын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Президент Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағытта мектеп оқушыларының ерте кәсіптік бағдарын қалыптастыру, еңбек нарығының сұранысына сай мамандықтарды насихаттау және жұмыс берушілермен байланысты нығайту маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Қаражал қаласының білім бөлімінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, оқушылардың болашақ мамандығын саналы таңдауына жағдай жасалуда.
Мемлекет басшысы ерекше атап өткен тағы бір маңызды мәселе – цифрлық қауіпсіздік пен ақпараттық мәдениетті қалыптастыру. Қазіргі таңда интернет кеңістігінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік негіздерін үйрету және жауапты цифрлық азамат тәрбиелеу – білім беру ұйымдарының басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жүйеге тәрбие бағдарламалары арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Президент Жолдауында тәрбиенің маңыздылығы да кеңінен көрініс тапты. Білім мен тәрбиенің бірлігі – сапалы ұлт қалыптастырудың негізгі кепілі. Сондықтан, мектептерде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, патриотизмді қалыптастыру, еңбекқорлық, жауапкершілік, адалдық және заңға құрмет қағидаттарын оқушылар бойына сіңіру жүйелі жұмыстар жалғасуда. «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға бағытталған.
Білім сапасын арттырудың маңызды тетіктерінің бірі – педагогтердің кәсіби дамуы. Мұғалімдердің біліктілігін үздіксіз жетілдіру, инновациялық әдістерді меңгеру, халықаралық тәжірибені зерделеу және цифрлық құзыреттілігін дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Қаражал қаласының педагогтері республикалық және облыстық деңгейдегі курстарға, семинарлар мен тәжірибе алмасу алаңдарына белсенді қатысып, өз кәсіби әлеуетін тұрақты түрде жетілдіруде.
Президент Жолдауы – еліміздің жарқын болашағына бағытталған нақты іс-қимыл бағдарламасы. Оның негізгі идеясы – білімді, жаңашыл, технологияны еркін меңгерген ұрпақ қалыптастыру. Бұл мақсатқа жетуде білім беру саласының жауапкершілігі ерекше.
Қаражал қаласының білім беру жүйесі Мемлекет басшысы айқындаған барлық басымдықтарды іске асыруға толық дайын. Біз әрбір баланың сапалы білім алып, өз қабілетін толық ашуына, цифрлық дәуірдің талаптарына сай тұлға болып қалыптасуына барлық жағдайды жасауға күш саламыз.
Жаңа технологиялар, жасанды интеллект және цифрлық трансформация білім беру жүйесіне тың серпін береді. Ең бастысы – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, ұлттық құндылықтарды сақтайтын, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу.
Президент Жолдауында белгіленген міндеттер – тек бүгінгі күннің ғана емес, болашақ Қазақстанның табысты дамуының берік негізі.
Ал сол болашақты қалыптастыратын негізгі күш – сапалы білім мен саналы тәрбие. Сондықтан, білім саласын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басымдығы болып қала береді.
Гүлбану РАЙСОВА,
Қаражал қаласы білім бөлімінің басшысы.

