Бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталады

Ұлытау облыстық мәслихатының V сессиясында облыстың 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті қабылданды. Осыған орай, аймақ басшысы Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ облыстық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, бюджет қаржысының қандай мақсаттарға жұмсалатыны, қайда және қанша қаржы бөлінгендігі жөнінде егжей-тегжейлі баяндады. Брифингке облыс әкімінің орынбасары Ұлантай ҮСЕНОВ, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат ШАЙЖАНОВ, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мереке МЫРЗАБЕКОВА, өңірдегі БАҚ өкілдері, блогерлер мен қоғам белсенділері қатысты.

Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау облысының бюджетінің бекітілуі жаңадан құрылған үш облыстың ішіндегі алғашқысы болды. Және ол Қарағанды облысынан бөлінген бюджеттен, аудан (қала) бюджеттері трансферттерінен қалыптасып отыр. Қарағанды облысының 610 млрд. 161,3 млн. теңгені құрайтын бюджетін бөлу кезінде Ұлытау облысы бюджеті түсімдерінің үлесі 17 пайызды немесе 103 млрд. 586 млн. теңгені, шығыстардың үлесі 15,6 пайызға немесе 95 млрд. 320,3 млн. теңгені құрады. Мұның сыртында, «Қазақмыс» компаниялар Тобының 9 кәсіпорнының облыс аумағына қайта тіркелуіне байланысты 8 млрд. 256,6 млн. теңге профицит қалыптасқан.

Брифингте облыс әкімі осы қаржының қайда және қалай бөлінгендерін «жіліктеп» айтып шықты.

– 2022 жылға арналған облыс бюджетінің кіріс бөлігі қосымша түсімдермен бірге 29 млрд. 847 млн. 942 мың теңгені құрады. Аудан, қалалардан түсетін трансферттер 13 млрд. 813 млн. 038 мың теңгені құрады. Осы жылғы бюджеттің барлық түсімдері 43, 6 млрд. теңгеге тең.

Алайда, алдағы бюджетті нақтылау кезінде қосымша тағы 83 млрд. теңге көзделетін болады. Олар: республикалық бюджеттен келетін субвенция – 23,5 млрд. теңге, нысаналы трансферттер – 33,7 млрд. теңге, өңірлерге трансферттер – 10,7 млрд. теңге, асыра орындау есебінен – 15 млрд. теңге.

Бюджет қаржысының 54 пайызы (16,2 млрд. теңге) әлеуметтік салаға бөлініп отыр. Сондай-ақ, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарына – 14 пайыз, ауыл шаруашылығы және ветеринария саласына 3 пайыз бағытталды, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Өңір басшысының айтуынша, облыстық бюджет шығыстары 30,8 млрд. теңге көлемінде бекітілген. Бұл қаражаттың 82,8 пайызы ағымдағы шығыстарға, нақтырақ айтқанда – жалақы, стипендиялар, мемлекеттік мекемелерді, мектептерді, мәдениет, денсаулық сақтау объектілерін, колледждерді және басқа әлеуметтік нысандарды күтіп ұстауға жұмсалады. Сондай-ақ, қаржының 7,2 пайызы – күрделі сипаттағы шығыстарға, 7,3 пайызы – даму бюджетіне, 2,7 пайызы заемдарды жабуға бағытталған.

– Біздің алдымызда ауқымды істер, басталған ірі жобалар тұр. Бірінші кезекте біз соларды сапалы аяқтап, ел игілігіне беруіміз керек. Мысалы, Жезді кентіндегі аурухананы, Сәтбаев қаласындағы №1 орталық аурухананы күрделі жөндеу, Жезқазған қаласындағы көпсалалы аурухананың қасбетін, тау-кен металлургия колледжінің ғимаратын жөндеу, Сәтбаев қаласындағы 320 орындық балалар бақшасының құрылысын, Жезді кентіндегі 160 орынға арналған спорт-сауықтыру кешенінің құрылысын, Ұлытау және Жаңаарқа аудандарындағы 4 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы мен Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы несиелік тұрғын үй құрылысын аяқтау және Ұлытау ауданындағы кезекте тұрған әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілгендер санатындағы азаматтарға арналған тұрғын үйлерді сатып алуды қаржыландыру бүгінгі күн тәртібінде тұр, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Аймақ басшысы сондай-ақ, осы күннен бастап Қарағанды облысының бюджеті есебінен басталған жобаларға жұмсалатын шығындар Ұлытау облысының бюджетіне берілгенін де атап өтті. Олар – мектептерді пәндер бойынша мультимедиялық және интерактивті кабинеттермен жабдықтау, Ұлытау ауданының Сарысу, Борсеңгір ауылдарындағы мектептерді күрделі жөндеу, Жезқазған қаласының онкологиялық орталығын жөндеу, қалалар мен аудандардың көлік жолдарын орташа жөндеу, Жезқазған қаласының су тазарту қондырғылары мен Жаңаарқа кентінің негізгі су тартқышын қайта жаңғырту сынды ірі шығыстар.

– Мұның сыртында, Қарағанды облысы әкімдігінің шешімімен жыл соңына дейін 3 проблемалық жоба Қарағанды облысының бюджеті есебінен аяқталып, Ұлытау облысына берілетін болады. Ол нысандар – Теректі станциясындағы 80 орындық мектеп, Жаңаарқа кентіндегі 464 орындық мектеп және Жаңаарқа ауданы Ақтүбек ауылындағы 150 орындық спорт залының жапсаржай құрылысы.

Бұл құрылыс жұмыстары кезінде мердігерлердің жауапсыздығынан тоқырап, созылып кеткен болатын. Бұлардың бәрін қайыра қалпына келтіру, сметалық-жобалық құжаттар әзірлеу бізге қиынға және қымбатқа түсетін еді. Сондықтан, басталған істі аяқтап беру туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке өтініш жасап едік. Әкім келісімін берді. Бұл біз үшін үлкен көмек, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері, блогерлер және қоғам белсенділері өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Мәселен, Жезқазған қаласын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, өңірдің экологиялық ахуалы, Жезқазған-Қызылорда көлік жолының құрылысы, Жезқазған қаласындағы колледж ғимаратын жөндеуге бюджеттен қаржы бөлудің себебі, «Ұлытау үні», «Жезкиік», «Жезқазғанның жұпар қымызы» сияқты фестивальдарды қаржыландыруға қатысты сұрақтарға өңір басшысы байыппен әрі тұщымды жауап берді. Осы ретте, берілген жауаптарға басқосуға қатысушылар толық қанағаттанғанын айта кеткен жөн.

Брифингте сондай-ақ, өңірге қатысы ауқымды жобалар да әңгіме өзегі болып, олардың жүзеге асырылуы, аймақта ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты қадау-қадау жобалар қолғаны алынып жатқаны жайлы да кеңінен сөз қозғалды.

Жиын соңында Берік Әбдіғалиұлы мұндай брифингтердің апта сайын өткізіліп тұратынын, олардың бекітілген кестеге сәйкес, облыс әкімінің орынбасарлары, қала әкімі және салалық басқармалар басшыларының қатысуымен өтетінін мәлімдеді.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ