Рухты жырлар оқылды

Мәдени-сауық орталығында қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасы негізінде мектеп оқушылары арасында сүйегімізбен бітіп, қанымызға сіңген, анамыздың әлдиімен жанымызға нұр болып тараған батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» сайысы өтті. Жобаның мақсаты – рухы мықты, намысты, қайсар азамат тәрбиелеу, өскелең ұрпақты қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып, отансүйгіштікке баулу.

Биылғы сайыс қазақ әдебиетіндегі ең көне жыр «Алпамыс батыр» жырына арналды. Үш кезеңнен тұратын сынға қала мектептерінен 6 оқушы қатысты.

Алғашқы кезең әдеттегідей жырды жатқа айтудан басталды. Келесіде «Сұрақ-жауап» кезеңі орын алса, соңғысы көнерген сөздердің мағынасын ашумен жалғасты.

Қатысушылардың бәрі шетінен дүлдүл, шашасына шаң жұқтырмады. Дегенмен, сайыс болған жерде жеңіс те, жеңіліс те қатар жүретіндіктен, жеңімпазды анықтау қазыларға қиынға түскені байқалды.

Нәтижесінде Бас жүлде №1 мектептің 9-сынып оқушысы Жансұлу Қуанбайға (жетекшісі – Мереке Иманберлина) берілді. I орынға №7 мектептің 10-сынып оқушысы Зейнеп Жылқыбаева (жетекшісі – Асылзат Отарбаева) қол жеткізсе, II орынды №1 мектептің 8-сынып оқушысы Ақнұр Қыдырбай (жетекшісі – Айсұлу Тілегенова) иеленді. Ал, №7 мектептің 5-сынып оқушысы Диляра Жылқыбай (жетекшісі – Рахатгүл Қасымова) III орынға табан тіреді. Сонымен қатар, сайысқа қатысқан Айару Жұбаныш пен Айым Мамық та жақсы көрсеткіш көрсетті.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар тапсырылды.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ