Жеңіс таңы – қаһармандарға тағзым, ұрпаққа аманат

1945 жылдың 30 сәуірі. Сағат – 18.25. Бүкіл әлем демін ішіне тартып, Берлин аспаны түтін мен отқа оранған қаһарлы сәт. Дәл осы минутта тарих парағына қазақ баласының есімі алтын әріппен, өшпес рухпен жазылды. Жас лейтенант Рақымжан Қошқарбаев ажал сепкен оқтың астында, жан алысып, жан беріскен ұрыс даласында 300 метр жерді бауырлап өтіп, фашизмнің соңғы ұясы болған Рейхстагтың қабырғасына Жеңістің алқызыл туын қадады. Сол сәтте желбіреген ту – бүкіл қазақ даласының, қасірет шеккен аналар мен майдангерлердің қайсар намысының символы, азаттықтың асқақ жыры еді.

Мамырдың таңында Қаражал қаласы — асқақ рух пен салтанатқа бөленді. Жеңіс күні – бұл жай ғана мерек емес, бұл – ерлік пен елдіктің егіз өрімі, батырлық пен бірліктің бұзылмас қамалы. Мерекелік шараның шымылдығы қаламыздың киелі босағасы іспетті – Жеңіс стелласының жанында ашылды. Салтанатты шара қала әкімінің бастауымен, ел тірегі болған аға буынның қатысуымен өрбіді. Үнсіздік минуты… Бір сәттік тыныштық. Салтанатты жиын ең алдымен сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін жан қиған боздақтарды еске алудан басталды. Бұл үнсіздік – ажал сепкен оқ астында қалған батырлардың рухына тағзым, жеңісті көре алмай кеткен майдангерлер мен тыл қаһармандарының алдындағы мәңгілік қарыздың белгісі. Қаражал аспанында орнаған осынау қасиетті тыныштық әрбір жүректі тебірентіп, тарихтың жаңғырығын құлаққа әкелгендей болды. Қала басшысы ескерткіш алдында тебіреніспен сөз сөйлеп, бұл күннің қадір-қасиетін айшықтап берді. — Құрметті қала тұрғындары! Жеңіс – біздің тарихымыздағы ең қастерлі, ең салмақты ұғым. Бұл күн – кеудесін оққа тосқан ерлердің рухы асқақтаған, тылдағы аналарымыздың төзімі Жеңіс болып оралған күн. Біз бабалардың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңіру жолында қажымай еңбек ете береміз. осынау бейбіт аспан мен бақытты балалық шақ — бізге аманатталған ең қымбат қазына. Әрбір ардагердің тағдыры, әрбір майдангердің ерлігі — біз үшін нағыз отансүйгіштіктің биік мектебі. Біз бүгінгі бейбіт күннің бағасын соғыс жылдарындағы жанкештілікпен өлшейміз. Жеңіс туының астында біріккен халықтың ешқашан еңсесі түспейтініне сенімдімін, – деп атап өтті қала әкімі. Бұл игі жолды соғыс жылдарындағы ауыр бейнетті қайыспай көтеріп, Жеңістің әр сағатын жақындатқан тыл ардагерлері мен еліміздің айбыны – Қаражал қаласының құқық қорғау органдарының қызметкерлері салтанатты гүл қою рәсімімен жалғастырды. Мерекелік жиында төрден орын алған, жүздерінен мейірім мен даналықтың нұры ескен тыл ардагерлеріне көрсетілген құрмет ерекше болды. Осынау қадірлі қатарда Антонина Климентьевна Соловьева, Роза Габуловна Климова, Бақыш Карина апамыз отырды. Бұл аналардың әрбір әжімі – жазылмаған тарих, әрбір ақ шашы – соғыс салған сарсаңның ізі. Қала басшылығы мен тәртіп сақшылары ардагерлердің алдында бас иіп, олардың бейбітшілік жолындағы төзімі – біз үшін нағыз қаһармандық екенін атап өтті. Салтанатты рәсімнен кейін мереке орталық алаңдағы «Жеңіс таңы атқан күн» атты ауқымды концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде «Жеңіс туы желбіре!» атты театрландырылған қойылым көрсетіліп, Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагтың биігіне ту тіккен айбынды сәті көрермен көз алдында қайта жаңғырды. Қаражалдың өнер иелері халықтық рухты ояту мен эстетикалық тәрбие берудегі өлшеусіз рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мерекенің мазмұнын аша түскен тағы бір тебіреністі сәт – алаң жиегінде құрылған майдангерлердің дала асханасы болды. Сап түзеген ақ шаңқан палатканың маңында отты жылдардың естелігіндей буы бұрқыраған майдан ботқасы әзірленді. Бұл жай ғана дәм емес, бұл – сұрапыл соғыс жылдарындағы жауынгерлердің төзімі мен қанағатшылдығының символы. Қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылған дәстүрлі ботқаның екі түрі мен ыстық шай, жиналған қауымды сол бір қаһарлы күндердің естелігімен қауыштырғандай болды. Үлкендер жағы майдандағы әкелерін еске алып, жас ұрпақ бейбіт күннің бағасын, қарапайым дәмнің қадірін тереңірек сезінді. Бұл — өткен мен бүгінді жалғаған, батырлар рухына көрсетілген шынайы құрметтің көрінісі іспетті. Жеңіс күні – бұл өткенге салауат, болашаққа аманат айтылатын күн. Ерлеріміздің батырлығы мен Тыл еңбеккерлерінің төзімі әрбір жастың бойындағы отансүйгіштік сезімін лаулата түсуі тиіс. Қаражал аспанында Жеңіс әні қалықтап, ел мерейі тасыған бұл күн халықтың бірлігі мен рухының асқақтығын тағы бір мәрте паш етті. Біз – батырлардың ұрпағымыз, біз – жеңімпаз елдің ертеңіміз! Жеңіс күні мәңгілік болсын! Еліміздің аспаны ашық, іргеміз бүтін, бейбітшілігіміз баянды болғай!

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ