Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған 2025 жылғы Жолдауы – еліміздің болашағы үшін аса маңызды стратегиялық бағыттарды айқындап берді. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты бұл құжат мемлекетті дамытудың жаңа деңгейіне шығуды көздейді.
Президент елімізді шынайы «цифрлық мемлекетке» айналдыру үшін «Digital Qazaqstan» біртұтас тұжырымдамалық құжатын әзірлеуді тапсырды. Жасанды интеллектті медицина, демография және еңбек нарығын болжау сияқты маңызды салаларға енгізу – басқару жүйесінің тиімділігін түбегейлі арттырмақ. Мәселен, Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру арқылы әлеуметтік міндеттемелер мен инфрақұрылымды жоспарлау ісі жүйелі сипатқа ие болмақ.
Жолдауда әлеуметтік масылдықпен күресу және азаматтардың жауапкершілігін арттыру мәселесі батыл көтерілді. Кейбір жеңілдіктердің тиімсіздігі, әлеуметтік алаяқтық пен масылдыққа жол беретін жүйенің мемлекет бюджетіне салмақ түсіріп отырғаны ашық айтылды. Мемлекет басшысы әлеуметтік төлемдерді біріздендіріп, азаматтардың өз еңбегімен табыс табуына қолайлы жағдай жасауды басты басымдық ретінде белгіледі.
Астана қаласының қарқынды дамуы мен халық санының өсуіне байланысты инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға түсіп отырған салмақ назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігі, электросамокаттарды реттеу және денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғаудың кепілі. Осы тұста экологиялық мәдениетті қалыптастыру және су ресурстарын үнемдеу мәселелері де тұрақты дамудың маңызды бөлігі ретінде атап өтілді.
Жолдаудың ең тосын әрі маңызды жаңалығы – бір палаталы Парламент құру туралы бастама. Президент бұл мәселенің 20 жылдан бері талқыланып келе жатқанын алға тартып, реформаны жалпыұлттық референдум арқылы жүзеге асыруды ұсынды. Бұл қадам «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын логикалық тұрғыдан аяқтап, саяси жүйені оңтайландырмақ.
Жасанды интеллект дәуірінде бәсекеге қабілетті болу үшін адами капиталға инвестиция құю – басты шарт. Сонымен қатар, жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды, тіл мен мәдениетті сақтап қалу – жастардың рухани кемелденуінің кепілі. «Дәстүр мен жаңашылдық» қағидаты еліміздің даму бағытының теңгерімін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттік аппараттағы ашықтықты қамтамасыз ету және бюрократияны жою – «Адал азамат» тұжырымдамасының басты белгісі.
Бұл Жолдау – әрбір қазақстандықтың ортақ болашаққа деген сенімін бекемдейтін стратегиялық құжат. Мемлекет басшысы ұсынған реформалар мен технологиялық жаңғыру – елімізді әлемдік дамудың көш басындағы озық мемлекеттердің қатарына шығаруға бағытталған. «Заң және тәртіп» қағидатын берік ұстану, бірлік пен жасампаздық – Әділетті Қазақстанды құрудың даңғыл жолы. Ендігі кезек – осы ауқымды бастамаларды қоғам болып бірігіп жүзеге асыруда.
Гаухар АХАНОВА,
«Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ әдіскері.
