Кенді өлкемізде халықтың рухани мұратына қызмет еткен ұлы тұлғалар аз емес. Бағзы заманнан бері данышпан қазақ халқы ақынға кенде болған жоқ. Поэзия әлеміне көз салсақ қазақ халқының арман-мұраты, шаттығы мен қайғысы ең алдымен ақын жүрегіне жиналған, ақын өлеңдеріне арқау болған.
Бүгінгі күні қазыналы Қаражалымыздың мәдениет саласының дамуына үлес қосып, ел руханиятын байытып жүрген ақындарымыздың бірі Жарқынбай Жетімек өмірінің маңызды белесі 70 жас мерейтойына орай қаламыздың мәдени-сауық орталығының төрінде «Ей, өмір!» атты кітабының тұсаукесері өтті. Ағамызды өндіріс пен өнерді өміріне серік етіп, қаламымен сыр шертіп, қара домбырасымен әнін әуелеткен талантты тұлға ретінде танимыз. Кешке арнайы өңір басшысы Айқын Елеусізов, Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші Серік Оспанов, мекеме басшылары және қаламыздың ардақты ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Жарқынбай ағамыз өзінің 70 жылдық мерейтойына орай тағылымы мол, жырсүйер қауымның қуанышына орай «Ей, өмір!» атты жаңа жыр жинағын жарыққа шығарып отыр. Жинақта туған жерге деген махаббат, рухани ел тұлғаларына деген іңкәрлік, Отанға деген адалдық сезіледі. Егеменді қазақ елінің жарқын болашағы, еңбек адамдары мен тіл, дін, отбасы тақырыптары да қамтылған.
Мағыналы жырдың иесі алдағы уақытта да сезімге толы сырлы, тәлімге толы құнды жырларымен халқын қуанта бермек деген ойдамыз. Жыр жинақтың тұсаукесерінің кіріспесін оқу кеш жүргізушілері Мағжан Айтбек пен Гүлсезім Мұхтароваға бұйырыпты. Бағдарламаның негізгі бөлімін Қарағанды қаласынан арнайы келген Ізтілеу Аманжолұлы жүргізді. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ізтілеу Аманжолұлы тұсаукесерге арналған концерттік бағдарлама барысында ақын бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан талантты жерлес ақынымыз, Қаражал қаласының құрметті азаматы, әнші-сазгер Жарқынбай Жетімек ағамыздың өнегелі өміріне шолу жасай отырып, шығармашылық кештің мазмұнды өтуін басты назарда ұстады.
Кітаптың тұсаукесер рәсімін Қаражал қаласының құрметті азаматы, тыл ардагері, білім саласының ардагері Амангелді Тілеубаев атамыз бен Қаражал қаласының құрметті азаматы, білім саласының ардагері Айкен Садықов атамыз жасады. Қаражал қаласының әкімі Айқын Қылышұлы ақын ағамызды құттықтап, жылы лебізін білдірді. Алғыс хатын табыстап, иығына шапанын да жапты.
Жаңа жыр жинақта Жарқынбай ағамыз өскен жеріне, саналы ғұмырын өткізген қазыналы Қаражал қаласына арнаған «Мерейтойға арнау», «Алғыс сезім» өлеңдері жарыққа шықты. Ақын ағамыздың қала тарихынан сыр шертетін өлеңдерінде Қаражал қаласына деген шынайы ықыласы мен махаббаты әдемі көрініс тауып, туған жердің көркеюі мен келісті келбеті көрікті жырына арқау болды. Сондай-ақ, туған жерге, туған елге, халқына, Отанына деген махаббат сезімін, сағынышын жырға өрген ақынның сөзіне жазылған өлеңдерін әншілер шырқап, кештің шырайын келтірді. Жарқынбай ағаға қарап бой түзеп, еліктеп өлең жазғысы келетін соңынан ерген бірнеше буын өсіп жетілді. Сол шәкірттер де сахна төріне шығып, арқалы ақынның өлеңдерін тебіреніп тұрып, жатқа айтты.
Жарқынбай аға жетпіс жасына жарқын көңілмен, толымды жинақпен жетіп отырған осынау мерекелі мерейтой күні қандай бақытты деп тамсана қызығып, кештен рухани байлық алып қайттық. Расымен әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, өмірбаяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әр қилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған – дәл осындай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен жеткен де бар, жетпеген де бар.
Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады деген екен, ақындарымызға қалай құрмет көрсетсек те артықшылық етпейді. Бізді сусындатар сарқылмас мәңгі жырларыңыздың алдында басымызды иеміз. Жыр әлеміндегі туындыларыңыз ешқашан сарқылмасын. Сүйіп тыңдар оқырмандарыңыз көп болсын, Жарқынбай аға!
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ