Жүрегі Қазақстан деп соққан Елизавета

Қазақстан – сан түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына топтастыра білген, татулық пен өзара құрметті өмір салтына айналдырған ел. Мұнда халықтар бірлігі ұран күйінде емес, әр азаматтың күнделікті ісі мен өмірлік таңдауынан көрініс табады. Осындай тағдырлар арқылы елдің шынайы келбеті қалыптасады.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында осы ортақ құндылықтарды бойына сіңіріп, өз болмысымен дәлелдеп жүрген жандарды дәріптеу – маңызды. Солардың бірі – тілі қазақ, ұлты орыс Елизавета Тарасова.

Ол Ұлытау облысының Жәйрем кентінде, қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Отбасында анасы мен әпкесі бар. Анасы жеке кәсіппен айналысады. Ал әпкесі бүгінде декреттік демалыста, екі бала тәрбиелеп отыр. Әкесі Сергей өмірден ерте өткен.

Елизавета әкесін ерекше құрметпен еске алады.

– Әкем көзі тірісінде күнде кешке сөздікті қолына алып, қазақ тілін жаттап отыратын. Сол еңбегі мені де еріксіз жігерлендіретін, – дейді ол.

Балалық шағынан бастап Елизавета қазақы ортада тәрбиеленіп, білім жолын қазақ сыныбында бастады. Бұл оның өміріндегі жай ғана таңдау емес, болашақ тұлғалық қалыптасуына ықпал еткен үлкен мектеп болды.

Түрі орыс болғанымен, ойы мен сөзі қазақша Лиза үшін қазақ тілі бөтен емес, қайта туған үйіндей ыстық әрі жақын ортаға айналды.

Жәйрем кентіндегі № 11 жалпы білім беретін мектепте 1 сыныптан 11 сыныпқа дейін қазақ тілінде оқыған Елизавета мектеп қабырғасында үздік оқушы атанып, сынып старостасы болды. Құрдастары арасында беделге ие болып, қоғамдық және мәдени шаралардың бел ортасында жүрді.

Қазақ тілі оның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – тілдің тек қарым қатынас құралы емес, ұлтты ұйыстыратын рухани көпір екенін дәлелдейтін жарқын мысал.

Жоғары білімге қадам басқанда да ол өз ұстанымынан айныған жоқ. Қарағанды қаласындағы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Тау-кен істері» факультетінде «Қоршаған орта және өмір қауіпсіздігі» мамандығы бойынша қазақ бөлімінде білім алды.

Университет қабырғасында Елизавета білім алумен қатар, белсенді студент ретінде де танылды. Ол тау-кен факультетінің жастар кеңесінің төрағасы болып, студенттерге арналған концерттерді, түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысты.

Оқу барысында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Ресей Федерациясының Томск қаласындағы политехникалық университетте «Техносфералық қауіпсіздік» бағыты бойынша білім алып, оқуын үздік аяқтап, арнайы сертификатқа ие болды.

Бұл халықаралық тәжірибе оның кәсіби көкжиегін кеңейтіп, таңдаған мамандығына деген қызығушылығын арттырды.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Елизавета еңбек жолын «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да өндірістік және экологиялық қауіпсіздікті басқару бөлімінде бастады. Бүгінде ол еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі жетекші инженер қызметін атқарады.

Өндірістегі қауіпсіздік, адам өмірін сақтау, жауапкершілік – оның күнделікті жұмысының негізгі өзегі. Әрбір нұсқау мен әрбір тексерудің артында бір тағдыр тұрғанын ол жақсы түсінеді.

Елизавета қызметімен ғана емес, қоғамдық белсенділігімен де ерекшеленеді. Ол комбинаттағы көңілді тапқырлар клубының белді мүшесі, жастар кеңесінің төрағасы, «Өндіріс волонтерлері» тобының мүшесі ретінде ұжымдық рухты нығайтуға, жастарды бірлікке, белсенділікке шақыруға үлес қосып келеді.

Рухани дүниесі де бай. Елизавета Абайдың қарасөздерін ерекше жақсы көреді, қазақ тіліндегі түрлі тақырыптағы өлеңдерді жатқа айтады. Достарының басым бөлігі – қазақ жастары.

Бос уақытында кітап оқығанды ұнатады, тоқыма жұмыстарымен айналысады, анасының кәсібіне көмектеседі. Қазіргі таңда бала кезінде оқыған Михаил Булгаковтың «Мастер мен Маргарита» романын қайта оқып жүр.

Елизавета үшін Қазақстан – баршаға ортақ Отан. Ал қазақ тілі – осы елдегі татулықтың, түсіністіктің, сыйластықтың тілі. Ол халықтар достығы деген ұғымның қағаз жүзіндегі сөз емес, нақты өмір жолы мен күнделікті әрекет арқылы қалыптасатынын өз тағдырымен дәлелдеп келеді.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні осындай жандардың арқасында шынайы мазмұнға ие болады. Тілі қазақ, жүрегі Қазақстан деп соққан Елизавета Тарасова секілді жастар – ел болашағының берік тірегі, бейбіт өмірдің айқын айғағы.

Өйткені, халықтар достығы – жай ұран емес, ол осындай тағдырлар арқылы өмірге сіңген үлкен құндылық.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.