Жәйремдік Наталья Ассамблея сессиясына қатысты

Астана қаласында Бейбітшілік пен Келісім сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы болып өтті. Аталған сессияның тақырыбы – «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму».

Қазақстан Республикасының Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдар басшылары, ҚХА мүшелері, республикалық және аймақтық этномәдени бірлестік төрағалары, БАҚ өкілдері қатысқан бұл сессияға Ұлытау облысынан барған делегаттармен бірге «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Жөндеу механикалық базасының қоймашы-экспедиторы Наталья Дементьева қатысып қайтты.

Наталья Дементьева 1988 жылы Жәйрем кентінде дүниеге келген. Ұлты орыс болса да қазақшаға судай Наталья айналасымен тек қазақ тілінде сөйлеседі. Өзі еңбек ететін базаның жұмыскерлері де Натальяға ешқашан орысша сөйлеген емес. Себебі, олар орысша сөйлегенмен, қазақша жауап алатындарын біледі.  Ол қазақ елінің тек тілін ғана емес, ұлттық салт- дәстүрін де өте жақсы білетін бойжеткен.

Еліміздегі барша халықтың татулығы мен бірлігін нығайту мақсатында дәстүрлі түрде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясынан алған әсерімен Наталья Дементьева былайша бөлісті.

  • Мен жұмыста жүргенімде өзім еңбек ететін комбинаттың Кәсіподақ

ұйымы төрағасының орынбасары хабарласып, осы сессия жайында әңгімелеп өтіп, алдағы уақытта еліміздің Президентімен кездесуге барып қалуым мүмкін екенін айтты. Араға екі апта салып, Ұлытау облысынан қоңырау келді. Олар 26-27 сәуірде Астана қаласында болатын үлкен шараға барып қатысуым керек екендігін айтты. Жұмыс орныма жұмыстан босату жөнінде хат та келді. Өзім еңбек ететін «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ қарайтын «Казцинк» компаниясы мұндай мүмкіндіктерден жұмыскерлерін қалыс қалдырған емес. Маған да іссапар құжаттарын рәсімдеп, барлық шығынды компания өз мойнына алды. Тіпті, Түгіскен ауылынан жүретін поезға мені шығарып салу, күтіп алу шараларына қызметтік көліктерді жіберді.

Жалпы, сессия өте әсерлі өтті. Алғашқы күні қаншама жандармен таныс болдым. Бірінші күнінде сессия делегаттарының қатысуымен панельдік пікірталас өтті. Сессия аясында түрлі диаспора өкілдері Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ортақ киіз үй құру рәсіміне қатыстық.

Президентіміз «Қазақ тілін әр Қазақстан азаматы білуі тиіс. Сол арқылы қаншалықты патриот екенін көрсетеді», деді. Осы кезде мен өзімнің туған елімнің туған тілін білетініме қатты қуандым.

Бұл сессияда ең басты мақсат —  әділетті Қазақстанда бірлік, тұрақтылықты ұстай отырып, жарқын болашаққа нық қадам басу болды. Мен де өз ішімнен еліміздің тек бейбіт өмірін тілеп отырдым. Рухани байып оралдым, — дейді толқып.

Өз тілінде емес, өзге тілде сайраған орыс қызына біз үлкен ризашылық білдіре отырып, елімізде тек бейбітшілік болсын деген сөзіне қосыламыз.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.