Зайырлы қоғам – өркениетті елдің белгісі

Зайырлы қоғам – мемлекеттің діннен бөлінуін, барлық азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететін маңызды қағида. Мұндай қоғамда әрбір адам өз сенімін еркін ұстануға немесе ешқандай дінді таңдамауға құқылы. Бұл – демократиялық және құқықтық мемлекеттің басты көрсеткіштерінің бірі.

Зайырлылық ұғымы тек дін мен мемлекеттің ара-жігін ажыратумен шектелмейді. Ол – қоғамдағы тұрақтылықты, өзара құрмет пен келісімді қалыптастыратын құндылықтар жүйесі. Әртүрлі діни көзқарастар мен мәдениеттердің бейбіт қатар өмір сүруі – өркениетті елдің айқын белгісі. Зайырлы мемлекетте ешбір дінге артықшылық берілмейді, барлығы заң алдында тең.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл қағида еліміздің Конституциясында нақты көрсетілген. Зайырлы бағытты ұстану арқылы мемлекет қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, діни алауыздықтың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, зайырлылық білім беру, ғылым, мәдениет салаларының еркін дамуына жол ашады.

Қазіргі таңда зайырлылықтың маңызы бұрынғыдан да арта түсуде. Әсіресе, діни экстремизм мен радикализм қаупі күшейген кезеңде, қоғамда дұрыс діни түсінік қалыптастыру, жастардың санасына сындарлы ойлау қабілетін сіңіру аса маңызды. Бұл ретте ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, ағартушылық іс-шаралар үлкен рөл атқарады.

Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығында ұлттық құндылықтарды насихаттау және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында жүйелі түрде мәдени-көпшілік іс-шаралар, танымдық сағаттар, дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастырылып өткізіледі.

Атап айтқанда, «Сарыарқа сазы» фестивалі, «Айналайын» балалар фестивалі, «Қымызмұрындық» мерекесі, «Әжелер мен немерелер» байқауы, «Салт-дәстүрлер» байқауы, «Жәйрем аруы» сынды іс-шаралар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Сонымен қатар, орталықта түрлі шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтқанда, би үйірмелері, домбыра үйірмесі, ансамбльдер, вокал топтары және қолөнер үйірмелері тұрақты түрде қызмет атқарып, тұрғындардың мәдени-рухани дамуына өз үлесін қосуда.

Зайырлы қоғамда дін – адамның жеке ісі. Ал мемлекет барша азаматтың қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуына жауапты. Сондықтан, әрбір азамат зайырлылық қағидаларын түсініп, құрметтеуі қажет. Бұл – ел бірлігін нығайтып, тұрақты дамуға бастайтын жол.

Зайырлы қоғам – өркениетті елдің негізгі белгісі. Ол бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етеді. Зайырлылықты сақтау – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Ақмарал ИМАНБЕКОВА,

Жәйрем кенті МСО директоры.