Қылыш су қоймасында маңызды өзгерістер

Сәуір айының ортасында қаланың инфрақұрылымын жаңарту бағытында маңызды жұмыс жүргізілді. Бұл жолы ескі Қылыш су қоймасынан жаңа Қылыш су қоймасына су айдау жүйесінің жаңартылуы тексерілді.

Аталған жұмыстардың нәтижесі қаланың су жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне оң әсерін тигізіп, экологиялық жағдайды да жақсартуға мүмкіндік береді.

Жұмыстардың тиімді әрі жүйелі түрде жүргізілуі үшін жергілікті «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» Өкілдігі демеушілік көмек көрсетті.

Бұл серіктестік бір жаңа насос орнатып, ескі насосты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде су сорғыш станциясы қалыпты режимде жұмыс істей бастады.

Жаңғыртудың осы кезеңі маңызды, себебі соңғы жылдары ескі құрылғылар мен жүйелердің ақаулары су айдау процесінің тоқтауына әкелген болатын. Биыл қала әкімі Айқын Елеусізовтің бастамасымен бұл жұмыстар қайта қолға алынды.

Шалғы кентінің әкімі Азамат Кәдірсізов бұл жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

– Су қоймасында соңғы уақыттағы күрделі мәселелерге байланысты бұрынғы 5000 текше метрлік насос жаңғыртылып, жұмысқа қосылды. Сондай-ақ, жаңа 500 текше метрлік насос сатып алынып, орнатылды. Бұл жұмыстарға «Өркен-Атасу» Өкілдігінің мамандары арнайы бригада жіберіп, 15 күн бойы үздіксіз жұмыс істеді. Олар электр желілерін, көтергіш крандарды, басқа да қажетті жабдықтарды жөндеп, су қоймасының жүйелерін қайта жаңартты. Барлық құрылғылар арнайы сынақтан өтіп, сапасы тексерілді. Енді су айдау процесі тұрақты және үздіксіз түрде жүзеге асырылуда, – дейді Азамат Мұратұлы.

Орайы келгенде айта кетейік, жаңа Қылыш су қоймасының сиымдылығы 11 мың текше метр. Ондағы су ортайып, пайдалануға жарамсыз болып қалмауы үшін ескі Қылыштан су жіберіліп, толықтырылып отырылады екен.

Ал ескі су қоймасына қар мен жаңбыр сулары және Атасудан тасыған су қосылып, арнасы кеңейіп тұрады. Жиналған су босқа далаға кетпес үшін жергілікті билік оның суын осылайша пайдалануды ұйғарған.

Бұл жұмыс өз нәтижесін беруде. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында жаңа Қылышқа биыл да қажетті мөлшерде су жиналған.

Жиналған су экологиялық тұрғыдан пайдалану үшін маңызды. Қала көшелеріндегі көкжелектер мен басқа да шаруашылықтар үшін осы суды қолдану жоспарлары жасалып жатыр.

Сонымен қатар су қоймасының дамбасын жөндеу жұмыстары да қарастырылып, қала әкімі қаржы көздерін табу үшін жұмыс істеуде.

Жалпы, бұл жұмыс қаланың су жүйесінің тиімділігін арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған ауқымды шара болып табылады.

Жергілікті билік пен «Өркен-Атасу» Өкілдігі арасында жасалған ынтымақтастықтың нәтижесінде тұрғындарға сапалы әрі тұрақты су қамтамасыз етуге мүмкіндік туды.

Сондай-ақ бұл жұмыстар қала әкімдігінің көгалдандыру мен экологиялық тұрақтылыққа деген қызығушылығын білдіреді.

Алдағы уақытта су қоймасының дамбасын жөндеу жұмыстары, сондай-ақ су ресурстарын дұрыс пайдалану бойынша қосымша шаралар қолға алынатын болады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ