Ұлытау облысы ПД ұйымдастыруымен өткен пікірталас сайысы мектеп оқушылары арасында буллингке қарсы «нөлдік төзімділік» ахуалын қалыптастыруды көздейді. Шараның негізгі мақсаты — білім беру мекемелерінде заң үстемдігін нығайту, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және жасөспірімдер арасындағы кез келген қысым көрсету фактілеріне жол бермеу.
Қоғамда құқықтық тәртіп орнату — тек жазалау емес, ең алдымен мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыру. Дебатқа қатысушы оқушылар екі топқа бөлініп, буллингке қарсы күрестің отандық заңнамалық тетіктері мен халықаралық озық тәжірибелерді қолдану тиімділігін талқылады. Қатысушылар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша нақты ұсыныстарын білдірді.
Жиын барысында сарапшы ретінде қатысқан Ұлытау облысы ПД Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерғали Қожабеков «Заң мен Тәртіп» қағидатының мектеп қабырғасындағы маңыздылығына тоқталды: «Ішкі істер органдарының басым бағыттарының бірі — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінгі шара оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. «Заң мен Тәртіп» қағидаты әрбір мектептің бұлжымас ережесіне айналуы тиіс. Әрбір жасөспірім өз әрекеті үшін заң алдында жауапкершілік барын ғана емес, заңмен қорғалатынын да терең ұғынуы қажет. Біздің мақсатымыз — мектеп ортасында зорлық-зомбылыққа орын қалмайтындай құқықтық сананы қалыптастыру», — деп атап өтті полковник.
Сондай-ақ, шараға Ұлытау облысы прокуратура органдары ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Бөрібаев және Жезқазған қаласы прокуратурасының аға прокуроры Уалихан Сырлыбай қатысып, оқушыларға құқықтық кеңес берді.
Сарапшылар оқушылардың ұсыныстарын қарастырып, оларды профилактикалық жұмыстарға енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Шара соңында құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бойынша бірқатар шешімдер қабылданды.
«Заң мен Тәртіп» қағидатын ту еткен бұл бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде тұрақты түрде жалғасатын болады.
