Қуатты әскер — Тәуелсіз елдің тірегі

Биыл еліміздің Қарулы күштеріне 33 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Қазақстан әскері айтарлықтай дамып, мемлекеттің сенімді қалқанына айналды. Егемендік алған сәттен бастап, қазақ әскері заман талабына сай жаңарып, айбыны мен қуатын арттыра түсті. Бүгінде Отан қорғаушылар – ержүректілік пен отаншылдықтың, елге адалдықтың символы.

Осы атаулы датаға орай Қаражал қаласының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ұйымдастыруымен мәдени-сауық орталығында «Мен болашақ жауынгермін» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Қала әкімі Айқын Елеусізовтің қатысуымен әскерге шақырылушыларды шығарып салу рәсімі ел үшін елеулі, патриоттық рухты арттыратын маңызды оқиға болды. Іс-шара мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік сезім мен тұрақты моральдық қасиеттерді бекіту, болашақ сарбаздарды адамгершілікке, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу.

Қала әкімі жас сарбаздарға жүрекжарды тілегін арнап:

– Құрметті болашақ сарбаздар! Сіздер ел қорғаны, Отан арқауы болар азаматсыздар. Биыл аймағымыздан 80-ге жуық жас азамат әскер қатарына аттанып, мемлекетіміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға атсалыспақ. Алдағы уақытта әрқайсыңыз Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі, Десанттық-шабуылдаушы әскерлері мен Қарулы күштер қатарында абыройлы қызмет атқаратын боласыздар. Ел сенімін ақтаңыздар! Ал қадірлі ата-аналарға айтарымыз — ұлдарыңыз ел алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатыр. Баталарыңыз қабыл болсын, жүректеріңізге тыныштық, отбасыларыңызға амандық тілейміз. Балаларыңыз елге аман-есен оралып, қуанышты күндерде жүздесуді жазсын! – деді. Шара барысында Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Арман Мақажанов та құттықтау сөз сөйлеп, әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналарына естелік сыйлықтар табыстады. Жас сарбаздардың ата-аналары да ұлдарының Отан алдындағы борышын өтеуге шыққанына мақтанышпен қарап, жүрекжарды тілектерін білдірді. Әр ата-ана ұлын елге аман-есен оралсын деген ниетпен батасын берді.

Қарулы күштер – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны. Ел тыныштығын күзетіп тұрған ерлеріміздің ерлігі – өскелең ұрпаққа үлгі. Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін мақтанышқа толы ерекше күн.