Жезқазған қаласындағы тоқыма фабрикасын реконструкциялау жұмыстары аяқталғаннан кейін нысан функционалдық тұрғыдан «А», «В» және «С» блоктарына бөлінеді. Бұл туралы Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, «А» блогында өңірдегі даму институттары мен қолдау ұйымдарын шоғырландыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, мұнда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Аграрлық несие корпорациясы», «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және бірқатар аумақтық ұйымдар орналаспақ.
Ал «В» блогының бірінші қабатында мейрамхана, екінші және үшінші қабаттарында қонақ үй, ал төртінші қабатында аумақтық ұйымдардың кеңселері ашылады.
«С» блогы шағын және орта бизнес субъектілеріне бағытталады. Жоба аясында бірінші қабатта гипермаркет орналастырылып, жоғарғы қабаттарда кәсіпкерлерге арналған кеңсе және коммерциялық үй-жайлар қарастырылады.
Жоба өңірдегі кәсіпкерлік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың іскерлік белсенділігін арттыруға серпін береді деп күтілуде.
