Түлектер тартуы

Бәріміз де ең алғашқы қадамды мектеп табалдырығынан бастайтынымыз, қолымызға қалам алып, әріп танып, арманның биігіне осы мектеп қабырғасынан түлеп ұшатынымыз анық. Қанша жасқа келсек те, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымыз жүрек төрінен мәртебелі орын алып тұратыны кімге болса да аян. Соның бұлтартпас бір айғағы – мектеп түлектері он, жиырма, отыз… жылдық кездесулерін ұйымдастырып, киелі ордасына, екінші ата-анасындай болған ұстаздарына жүрекжарды алғысын білдіріп, кіндік қаны тамған туған жеріне бір тал ексе де жақсылық жасап кету мақсатында жиналып тұрады.

Міне, биыл да Қаражал қаласына қарасты Ақтай ауылының 1987 жылғы түлектерінің Ақтай сегіз жылдық мектебін тәмамдап, өмірге құлаш сермегендеріне 35 жы толып отыр екен. Осыған орай, мектеп түлектері, атап айтар болсақ, Нұрғали Әлмағанбетов, Жанайдар Асанов, Жәнібек Базарбаев, Анар Жолдыбаева, Гүлшат Жетімекова, Жұмағазы Исатаев, Салтанат Мусина, Ерлан Канафин, Ләззат Самаева, Ақмарал Төлегенова, Берік Төлеуов және Ерғазы Махамбетов көктем шыға ауылда «Жан-жүрегім Ақтай» ескерткіш-белгісін орнатқан болатын.

Онымен тежеліп қалмай,16 шілдеде ауыл мектебінде өздері оқыған жылдардағы мектеп директоры Амангелді Тілеубайұлын, алғаш әріп танытқан ұстаздары Рымкеш Асанқызы мен Сәуле Құтжанқызын шақырып, түлектер кездесуін ұйымдастырды. Ұстаздар түлектерімен қауышып, небір қызық естеліктер айтылып, жүрекке жылылық ұялатқан әдемі жүздесу жоғарыда айтылған ескерткіш-белгінің лентасын қиюмен жалғасын тапты.

Арнайы мал сойылып, киіз үй тігіліп, түлектер атынан ауыл тұрғындарына дастарқан жайылды. Түлектер ауыл мектебіне қаржылай тарту жасап, ұстаздарына бағалы сыйлықтар ұсынды.

Осылайша, ұшқан ұяны ұмытпай, алғыс айта білетін шәкірттер тәрбиелеген қарт ұстаздардың жанарына қуаныш жасы іркіліп, ауыл халқы да бір марқайып қалды.

Балшырын АМАНТАЙ