СОЛ БІР КЕЗДЕР… 

«Әнді сүйсең, менше сүй» деп бүгінгі ұрпаққа айтқан Абайдың бұл өсиеті мәңгілікке айналғаны сөзсіз. Ән — халықтың сүйіп айтатын, тыңдайтын сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының ең бір бай арнасы болып табылады.

Өткен аптаның бейсенбісінде қаламыздың мәдени-сауық орталығында Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясы «Жезкиік» вокалды-аспапты ансамблінің сүйемелдеуімен жанды дауыстағы әншілердің «Сол бір кездер» атты ретро концерті өтті. Жастармен толыққан жаңа құрамның концерті халықтың көңілін бір көтеріп тастады десем артық емес.

Концерт барысында филармонияның жетекші әртістері, домбырашылары мен фольклорлық-этнографиялық ансамблі қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен еліміздің атақты ақындары мен композиторларының күйлерін және елге танымал болған халық әндерін орындады.

Қаламыздың тұрғындары мен кеш қонақтары осындай өнерге сусындап жүргені айқын байқалды. Кеш әртістері көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлап, жанға жылу, жадымызға қуаныш сәулесін түсірді десек артық емес.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.