Шынайы руханият майталмандары ұлықталды

Мәдениет пен өнер – ұлттың жан дүниесі, оның өткені мен болашағын сабақтастыратын алтын көпір және мемлекеттің рухани діңгегі. Халықтың рухани келбеті мен ішкі мәдениеті – ұлттық бірегейліктің ең басты әрі айнымас көрсеткіші болып табылады.

Ғасырлар бойы бабалардан мұра болып қалған, уақыт сынынан өткен бай мәдени жәдігерлеріміз бен салт-дәстүрлерімізді көздің қарашығындай қорғап, оны заманауи үлгіде жас ұрпақтың санасына сіңіруде мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің қосып жатқан үлесі мен атқарып отырған рөлі орасан зор. Олар – ұлттық кодты сақтаушы шынайы руханият майталмандары.

Осы орайда, қазақ шежіресінің алтын діңгегі, тарих пен мәдениеттің қасиетті бесігі саналатын Ұлытау облысында мәдениет қызметкерлері күні жоғары деңгейде, ерекше салтанатпен атап өтілді. Айтулы шара аясында өңірдің рухани өмірін өрге сүйреп, мәдениеттің туын тігіп жүрген білікті де тәжірибелі мамандар ерекше құрметке бөленіп, марапат төрлерінен көрінді.

Салтанатты жиында әсіресе, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің мәдениет майталмандары айрықша көзге түсіп, өздерінің ерен еңбектерінің арқасында облыс басшылығы тарапынан жоғары марапаттарға ие болды. Сын сағаттарда, жауапты кезеңдерде өзінің кәсіби шеберлігімен және ерен еңбегімен дараланған бірқатар сала мамандары аймақтың ең басты марапаттарын қанжығасына байлады.

Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен Тлеухор Байшукенова – «Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры мен Хапан Хизатхан – мәдени-сауық орталығының домбыра және ұлттық аспаптар үйірмесінің жетекшісі марапатталса, Ұлытау облысы әкімінің Алғыс хатын Сәулеш Баймухамбетова – Жәйрем кенті мәдени-сауық орталығының шаруашылық меңгерушісі мен Назира Асанова – «Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директорының орынбасары иеленді.

Бұл күн заманауи үрдістерді шебер меңгерген, креативті ойлайтын жас мамандар мен көптің сүйіспеншілігіне бөленген өнер ұжымдарының да мерейін үстем етті. Облыс әкімі Дастан Рыспековтың сыйлығы «Креативті маман» арнайы номинациясымен Жәйрем кенті мәдени-сауық орталығының көркемдік жетекшісі Бағлан Болатова ерекше аталымын иеленіп, мәдениет саласындағы жаңашыл бағыттардың көшбасшысы екенін дәлелдеді.

Сонымен қатар, «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы» номинациясы Жәйрем кенті мәдени-сауық орталығының әдіскері, халықтың ықыласына бөленген, аймаққа танымал «Асыл әже — ғасыр әже» ансамблінің жетекшісі Гаухар Нұрланова жеңіске жетіп, көп жылғы қажырлы еңбегі еленді.

Облыс әкімі сыйлығының иегерлеріне бір миллион теңге көлеміндегі ірі ақшалай ұтыс сертификаты салтанатты түрде табыс етілді.

Қаражал өңірінің абыройын асырып, аймақтың руханият майданында аянбай тер төгіп жүрген барша мәдениет және өнер қызметкерлерін осынау лайықты әрі айтулы марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз.

Ерен еңбектеріңіз жана берсін, шығармашылық шабыттарыңыз ешқашан сарқылмасын. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған мәдениет майталмандарының жолы әрқашан ашық, ал алар асулары мен бағындырар белестері биік болғай!

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ