Шүкіршілік

Шетсіз-шексіз әлемдердің Раббысы бізге ойласақ санына жете алмайтын сансыз нығметтер сыйға тартқан. Таңертең ұйқыдан оянып, арайланған күнді өз көзімізбен көруімізден бастап, жеп-ішетін асымыздың болуы, деніміздің саулығы, арқасүйер жақындарымыздың болуы, айналамыздағы құбылыстарды түсінетін санамыздың болуы, деніміздің саулығы, киер киімімізге дейін бізге Алланың берген нығметі. «Алланың нығметін санасаңдар санына же-те алмайсыңдар» деп Жаратушымыз қасиетті кітабында айтады. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде «Сендердегі әрбір нығмет Алладан» деп, осы нығметтерді бізге беруші Алла екенін айтып өтеді.
Осындай сансыз нығметтер берген Аллаға шүкіршілік ету – әр мұсылманның міндеті. Шүкіршілік – Алланың пендесіне берген әр несібесі, сы-нағы үшін разы болу. Бізді жоқтан бар етіп, иман нұрын жүрегімізге салған Аллаға қанша шүкіршілік айтсақ та аз. «Қиындық келсе сабыр етеміз, жақсылық келсе шүкір етеміз» деген аталы сөздің бізге жетуі де біздің ата-бабаларымыздың үнемі әр нығметке шүкір етіп отыруды өмір салтына ай-налдырғанын байқаймыз. Уақытша дүниеге қызықпай, қолда барға шүкір ету, Алланың берген нығметтерін бағалау – үлкен сауапты амалдардың бірі. Көп шүкір ету арқылы біз өзімізге берілетін нығметтердің санының артуына себепші боламыз. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін…» деп құлдарына ескертеді. Шүкіршілік ету – ғибадаттың басты мәйегі. Әрбір есті адам шүкір етудің маңыздылығын терең ұғынады. Қазақтың дана Абайы өзінің Отыз сегізінші қара сөзінде былай деген: «Ғибадаттың бәрі шүкіршіліктен туады. Енді зинһар ғадаләт, шап­ғаттан босанбаңдар. Егер босансаң, иман да, адамдық та һаммасы босанады. Сахиб ниғметке шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпенен күнәһар болмайсың ба?». Теңдессіз ғұламамыздың бұл сөзі Аллаға ғибадат тек шүкіршілік ету арқылы болатынын, шүкіршілік етпеген адам күнәһар адаммен тең екенін білдіреді.
Иә, расымен көңіл көзі ашық жан­дар үшін әр нығметке шүкір етпеу үлкен олқылық. Пенделікпен күйбең тіршілікке салынып, кейде шүкір ету­ді ұмытып жатамыз. Мұны шексіз хик­мет иесі Алла Тағала «Сәбә» сүресінде «Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз» деп білдіреді. Шүкіршілік етпеудің соңы адамның қанша жыйса да дүниеге қанағаттанбауына, уақытша жетістікке қызығып, күпірлік етуіне әкеп соғады. Сондықтан, өміріміздегі әрбір сәт үшін, әрбір жағдай үшін шүкір етіп, шүкіршілігімізді тілімізбен де, ісімізбен де білдіріп отыруымыз қажет.
Бізге берілген әр несібемізге шү­кір ету – Алланың разылығына жеткізер амалдардың бірі. Қасиетті Құранның «Әли имран» сүресінің 145-ші аятында: «Әрі шүкірлік етушілерді сыйға бөлейміз» деп, тағдыр-талайына риза болып, барға қанағат, жоққа шүкір еткен пендені сыйға бөлейтіні жайлы үкім бар. Ендеше бес күн жалған дүниеде барымызға шүкір етіп, сауап алайық. Бүгінгі бейбіт күніміз бен тыныш таңымызды көруді нәсіп еткен Аллаға мың шүкірлік болсын, жамағат!
(Пайдаланылған әдебиеттер: Құран Кәрім «Нахл» сүресі 18-аят; «Нахл» сүресі 53-аят; «Ибраһим» сүресі 7-аят; «Сәбә» сүресі 13-аят).

Талғат СОВЕТОВ,
Қаражал қалалық мешітінің бас имамы.