Сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады

Талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған адамды қыршынынан қиған, Ауған жеріндегі ұрыс даласынан Кеңес әскерінің шығарылғанына биыл – 35 жыл.
1978 жылы сәуір айында Ауған жерінде төңкеріс болып, соңы аяқталмас соғысқа айналды. Бұл қасірет тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттерінің қатысуымен де ұзаққа созылды. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Оған 22 мың қазақстандық қатысты. Солардың қатарында біздің жәйремдік жауынгерлер де болды.

Кентімізде ауған соғысына қатысып, сол зұлматты күндерді бастарынан өткерген сегіз жауынгер болатын. Өкінішке орай, бүгінгі күні ауған жауынгерлерінің екеуі, атап айтсақ, Зоя Викторовна Баедилова, Жанғазы Төлеутайұлы Баянов бақилық болса, Валерий Юрьевич Голобоков Қарағанды қаласына көшіп кетті. Қазір Жәйремде 4 ауған соғысының ардагері бар. Қолғанат Әбдікәрімұлы Сасоев ауылымыздың «Подхоз» бөлімінде мал шаруашылығымен айналысса, Нұржан Жамбылбекұлы Кәрібаев, Төлеуғазы Нұрсафин, Талғат Әбдурәсілұлы Балқыбаев кентіміздің өзінде, ал Бексейіт Төлешұлы Алшымбаев Ескі Жәйремде тұрады. Аталған жауынгерлерді жергілікті халық әр атаулы күнде елеп-ескеріп, түрлі кездесулер өткізіп тұрады.
Міне, биылғы Кеңес әскерінің Ауғанстан шекарасынан шығарылғанына 35 жыл толуына байланысты жауынгерлермен кездесудің тағы да бір тамаша көрінісіне куә болдық.
Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымовтың және қалалық мәслихат депутаттары мен ауған соғысы ардагерлерінің, сонымен қатар, жергілікті мекеме басшыларының қатысуымен «Интернацианал жауынгерлерге мың тағзым» атты ауған соғысы ардагерлеріне арналып орнатылған ескерткіш тақтаға гүл қою рәсімі өткізілді.
Жауынгерлермен ең алғашқы кездесуді Жәйрем кентіндегі №12 кітапхана-филиалы ұжымы ұйымдастырып, ауған соғысының ардагерлері Нұржан Кәрібаев мен Төлеуғазы Нұрсафинның қатысуымен «Ауғанның асуында от кешкендер» атты дөңгелек үстел өткізілді. Кездесуге келген батыр ағалар оқырмандарға Ауған соғысы жайлы толық мәлімет беріп бастан кешкен оқиғаларын айтып, ардагер ағалармен ашық әңгімелесу, сұхбаттасу болды. Кездесу барысында кентіміздегі ардагерлер туралы баяндайтын сурет-кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Келесі кезекте жәйремдіктер жауынгер ағалармен мәдени-сауық орталығында осы мерекеге арнайы өнерпаз балалар арасында ұйымдастырылған «Жәйрем жұлдызы-2024» ән байқауында кездесті. Жас өнерпаздар (кіші топ 6-8 жас, орта топ 9-12 жас, үлкен топ 13-16 жас) көрсеткен керемет ән-шашуларына қазылық жасаған жандардың арасында ауған соғысы ардагерлері де болып, жеке орындау және хор номинациялары бойынша өнерлерін ортаға салған бүлдіршіндерге өз бағаларын берді.
129 өнерпаз қатысқан әсерлі додадан: 5-8 жас аралығында Ұлан Болатов, Малика Мұхтаржан, 9-12 жас аралығында Жанель Нұржанова, 13-15 жас аралығында Мадина Жақсылықова Бас жүлде иегері атанып, арнайы кубок, медаль, мадақтамамен марапатталды.
Хор номинациясы бойынша №30 ЖББМ 2 сынып, 5 сынып, 10 сыныптары Бас жүлдені жеңіп алса, №10 ЖББМ 2 сынып оқушылары 1орын иегері атанды.
Сонымен қатар, аталған мерекеге орай «Ардагерлер – асыл ерлер» атты онлайн сурет байқауы ұйымдастырылды. Барлығы 16 бала қатысып ең үздік сурет бейнелегені үшін: Мариям Серікбаева –Бас жүлде, Кәусар Мелдібек, Айсұлу Игенова — 1 орын, Нұрайым Игілік, Мунира Жамбыл — 2 орын, Нұрайым Амантай — 3 орын жеңімпаздары атанып, бағалы сыйлықтар мен медальдарға ие болса, қалған барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Мерекелік іс-шара Ауған соғысы ардагерлеріне арналған спорттық іс-шаралармен жалғасын тауып, мерекелік ақ дастарқанмен түйінделді.
Ия, үлкен өмірге аяқ басқан өрімдей жас жігіттердің Ауған жерінде болған кезеңдері өмір бойы жүректерінде сақталады. Олар соқыр саясаттың құрбаны болды. Батыр ағаларымыз бөтен елде, бөтен жерде, беймәлім мақсатта қан көрді, қатарластарының өлі денесін көрді. Бірақ, оның бәрі бейбіт өмір үшін деп түсіндірілді.
Арада 35 жыл өтсе де біздің ауған соғысы ардагерлеріміз әр кездесуімізде сол зұлматты жылдарды көздеріне жас алмай, күрсінбей еске алған емес. Жаратқаннан ол күндердің ешқашан қайта оралмауын тілейміз. Жауынгер ағаларымызға зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА