Салауатты ұрпақ – Тәуелсіздік тірегі

Көк тудың көгімізге көтеріліп, патриотизмның рухын аңқылдатқан әсерлі Әнұранның шырқалған күні барлық қазақтың үлкен қуанышы. Бүгінгі таңда қазақстандықтар патриоттық санасы өте биік елдермен теңесе алатын салиқалы ел. Барлық қазақстандықтар шетелге шыққанда өзінің көк туының көзіне оттай басылатынын жарыса айтып жатады. Осы айтулы мерекеге орай өткен демалыстан бастап, қаламызда іс-шара легі «Кarazhal marathon -2024» атты қалалық жарыстан бастау алды.

Жарыстың басты мақсаты – халықты дене шынықтыру мен спортқа тарту, сондай-ақ, бұқаралық спорт түрлерін насихаттау және дамыту. Қалалық жарыс ағымдағы жылдың 2 маусымында сағат 11.00-де Жәйрем кентіне шығу қақпасынан басталды. 16 жасқа дейінгі спортшылар 2 км және одан жоғары жастағылар 5 км жүгірді.
Нәтижесінде 2 км қашықтықта жүгірушілердің арасынан суырылып, 1 орынға Алдияр Иманғазин, 2 орынға Ильяс Садвакасов, 3 орынға Арман Шайхин қол жеткізді. Ал 5 км қашықтықта 1 орынға Қуаныш Төлеген ие болса, 2 орын Ораз Маханов және 3 орын Айбар Ильясовқа бұйырды. Сондай-ақ, қанағаттанарлық 4 орынды Савели Долгоруков пен 5 орынды Ақтілек Жылқыбай місе тұтты.
Аталмыш жарысты ұйымдастырушы «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ қызметкерлері барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар, медальдар және бағалы сыйлықтар табыстады.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ