Ретро-кеш көрерменге шаттық сыйлады

Күмбір күй мен әсем ән жүрек тербетері сөзсіз. Соның ішінде өткен ғасырдағы сұлу сазды, сөзі жүректі тербейтін әндердің халық арасында айтылып, өміршең болуы оның жүректерге жол табар өзіндік қасиетінде. Көптің көңілінен шығып, жүректеріне ұялап, бірге ән салдырған кеш күні қаламызда өтті.

«Сағындырған әндер-ай!» деген аты айтып тұрғандай өткен күндердің еншісінде кеткен әндерді халықтың сағынары анық. Бүгінгі фестивальдің негізгі мақсаты — сол әндер арқылы халықты өткен күндерге қайта оралтып қауыштыру. Әр жүрекке өзіндік жол тартқан сұлу саздың әсері мен әрлі сөзінің тыңдарманды сүйсіндірген сәтін еске түсіру.

Айтулы кештің жарнамасы жарқ еткенде әнсүйер қауымның фестивальді асыға күтіп, мәдениет үйіне асыққандары анық.

Өнерсүйер қауымның алтын ордасы мәдениет үйін фестивальдің сұлу сазы тербетіп, көрерменді құшақ жая қарсы алды. Залға жиналған көпшіліктің назары сахнада. Фестивальдің шымылдығы ЛЭД-экран арқылы көрсетілген бейнероликпен ашылды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарын сахналаған көрініс көрермендерді баурап алды. Ортаға шыққан жүргізушілер Алмас, Алмагүл, Мейірман, Гүлім көрермендерге қош келдіңіздер айтысып, бүгінгі фестиваль жайлы ой қозғасты.

Әр әншінің орындауындағы әнге тоқталған жүргізушілер көрермендерді енді кім шығар екен дегізіп ынтықтыра түсті. Бірін-бірі алмастыра сахнаға көтерілген өнер саласында болмағанымен «әу демейтін қазақ жоқ» демекші әр саланың аға буын өкілдері Дәулет Халықов, Әбдірәсіл аға, Әбдіғазы, Ғази Рахымовтар, Қаныш Әлмағамбетов, Лазира Түсіпова, Александра Пушканова, Еркеназ Сердалина, Жанар Орынбаева, Азамат Кәдірсізов, Ботакөз Көкиева, Талғат Мақаев, Бекбол, Аққу Жақияқызы сынды бұрын-соңды сахнадан көрмеген жас таланттарымыздың орындауындағы ескі әндер көрермендерді тәнті етті.

Кеш соңында өнер көрсеткен барша өнерпаздарға мәдени-сауық орталығы атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Алмагүл МҰХАМЕДЖАНОВА,

мәдени-сауық орталығының көркемдік жетекшісі.