Құрбан айт – құтты мереке

Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дəріптелген діни дəстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы Дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды.

Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дəстүр кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды.

Алла Тағала мұсылман жұртына нəсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті əтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбəрак мерекемен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқтаж жандарға береді. Айта кетер жайт – Айт мерекесін мұсылман қауымының көп болып тойлауының, думанды етіп өткізуінің еш əбестігі жоқ. Тек шариғат шеңберінен шығатын қылықтарға, дарақылық пен ысырапшылдыққа жол бермеулері керек. Таң азанымен мінəжат етуден басталатын мереке қазақ даласында өзіне жарасымды сəн-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.

Факиһ бин Саъд (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) Ораза, Құрбан айт жəне Арапа күндері ғұсыл құйынатын», – десе, ал Хасан бин Əли (р.а.): «Бізге Алла елшісі айт күні ең жақсы иіссуды себуді бұйырған еді», – дейді. Бұл хадистер күллі мұсылманды айт күндері жан мен тəн тазалығының үйлесімді болуына үндейді. Өйткені, бұл – мереке күні. Мейрамның нышаны сезіліп тұруы тиіс.

Қасиетті Құрбан айт мейрамы мұсылмандардың Мекке мен Мəдина шаһарларында қажылық парызын өтеу кезеңімен аяқталады. Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар əрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Айта кетейін, құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мəрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп (мұсылмандық міндет). Құран Кəрімде: «Раббың үшін намаз оқы жəне құрбандық шал», – деген əмір бар.

Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттемелер жоқ. Өйткені, дін мұраты – адамның ділін түзеу, тұрмысын реттеу. Шариғаттың əрбір əмірі мен тыйымының астарында адамның жеке басына жəне жалпы қоғамға пайдалы хикметтер бар.

Адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан құрбандық ғибадатын өзі орындағаны жақсы. Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.): «Құрбандығыңа куə бол. Өйткені, құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешіріледі», – деген екен.

Құрбан айт – халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауыз біршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Бұл – Алла Тағаланың бізге тарту еткен мерекесі. Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен жəне ауыз біршілікпен атқарылады. Құрбан айт – соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түседі.

Құран Кəрімде: «…Одан өздерің де жеңдер жəне мұқтажға да жегіңіздер», – деген аят бар.

Құрбандық етін үшке бөліп, таратады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге үлестіріледі. Мешіттерімізде жыл сайынғы қалыптасқан дəстүрге сай, құрбандық еті əлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы жəне жағдайы төмен отбасыларға таратылады.

Марғұлан ƏБІЛОВ,

Жəйрем мешітінің имамы.